Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылындағы 5 жасар қыздың өлімінен кейін барлық үй тексеріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отырар" сайтына сілтеме жасап.
Профилактикалық жұмыс бір ай бойы жүргізіледі. Ауылдағы барлық үйге тексеру жүріп, тұрғындардың жеке-басы анықталады.
Бұл ауылда кімдер тұратынын түсіну мақсатында жасалып отырған шара.
"Учаскелік полицейлер әрбір үйге кіріп, кім тұратынын анықтайды. Біріншіден, Сарыағашта болған жағдайдан кейін тұрғындардың өзі бұл мәселені көтеріп отыр. Жібек жолы ауылында нашақорлық, алкоголизм деректері көбейіп кеткен. Сондықтан осындай шара өткізуді шештік", - дейді Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев.
Айта кетейік, жантүршігерлік жайтқа қатысты тергеу жүріп жатыр, күдікті ұсталды. Облыс прокуроры тергеумен қатар ауданға кім келгенін тексеру жүріп жатқанын атап өткен. Түрмеде жазасын өтеп шыққандар ерекше назарда болады.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді.
"Басына пакет кигізіп, 12 рет пышақ сұққан". Түркістан облысында қыз өлімінің мән-жайы айтылды
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған.
"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды.
2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада.
16 шілдеде күдікті 2 айға қамауға алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!