- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Самат Әбіш қалай...
Самат Әбіш қалай жазалануы мүмкін?
ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген күдікке ілінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Самат Әбіш Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) күдікке ілінген. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы жазылым түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, Самат Әбіш қазіргі таңда Қазақстанда.
"Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша Әбіш С.С. қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Іс сотқа жіберілді", - дейді Бас прокуратура өкілдері.
Айта кетейік, осы баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Сондай-ақ, жаза мүлікті тәркілеуді және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруды қамтуы мүмкін.
Айта кетейік, бүгін Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.
Еске салайық, мұның алдында Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған едік.
Оның алдында Алматыда өтіп жатқан Қаңтар оқиғасына қатысты сотта ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов шулы мәлімдеме жасады.
Сотталушының айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде ол сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Самат Әбіштің бұйрығын орындаған. Руслан Ысқақов бұл кезде ҰҚК 5-департаментінің бастығы болған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина