"Салоннан көлік, жаңа пәтер". Желідегі танысу парақшаларындағы қазақ қыздарының сұранысы қандай?

Әлеуметтік желіде "халал" танысу парақшалары көп. Мұнда қыздар мен жігіттер өздерінің суреттерін жіберіп, анкетасын шығарған. Олар тіпті екінші әйел болуға, ниқаб киюге қарсы еместігін де жазған, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақида, хиджаб, намаз оқу және ұлты

Парақшада жігіттерге қыздар туралы ақпарат алу ақылы. Мәселен, сондай бағыттағы "kazakhstan_nikah" парақшасында 36,1 қолданушы бар. Осы уақытқа дейін 296 қыздың суреті мен ақпаратын жарияланған. Телеграмдағы парақшасында 4500-ге жуық қолданушы тіркелген. Мұнда қыздар толық ақпаратты алуға болады.

 Фотоколлаж

Көпшілігі 18-40 жас аралығындағы қыздар. Оның ішінде қазақ қыздарымен қатар қырғыз, өзбек, әзірбайжан ұлтынан да бар. Бір қызығы, көпшілігі орамалда екенін, ниқаб киюге, екінші әйел болуға келісетінін жазған. Сондай-ақ, болашақ жұбайына қойылатын талаптар да көрсетілген. Мысалы, намазхан, адал, Құдайдан қорқатын, жомарт, ұлтына шектеу жоқ.

"Жаңа пәтер, салоннан көлік керек"

25 жастағы алматылық бойжеткен жарына материалдық тұрғыдан қатаң талап қойған.

"Бойым 157, салмағым 48 кг. Алла беріп жатса, енді 1 бала дүниеге әкеле аламын. Балам бар. Намаз оқымаймын. Шамасы келетін ер адам шықсын жекеге. Ал еркек туралы: тек Алматы қаласынан болуы керек. Жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер, салоннан көлік керек. Заңды тоқалдыққа болмаса басқаша келісе аламыз. Салафи, басқа да ағымдар қарастырылмайды. Жасы 28-45 аралығында сымбатты, сауатты, намазды болуы керек" - деді ол.

Ал 37 жастағы өзінің анкетасын қалдырған үміткер екінші, үшінші әйел болуға ұсыныс қарастыратынын жазған.

"37 жастамын, бойым 170 см. Тұрмыста болып, ажырасқанмын. Екі балам бар, намаз оқимын. Болашақ ер азаматым 35-45 жас аралыңында және рухани, материалдық тұрғыда қамтамасыз етуі керек. Тек қана қазақтарды іздеймін", - деп жазылған.

"Қызымды Алла разылығы үшін тұрмысқа беремін"

 Мұнда үміткерлер көп. Жасын да, кәрісін де табуға болады. Ер адамдар өзі ұнатқан суреттің астына нөмірлерін жазып, "+" белгісін қойып кеткен. Үміткерлердің суретінің ішінен анасы қызын тұрмысқа беру мақсатында жазылған анкетаны да көзіміз шалды. 

 "Қызымды Алланың разылығы үшін тұрмысқа беремін. 21 жаста, бұрын ажырасқан, бір қызы бар. Ұлты - әзірбайжан.Ақкөңіл, мейірімді, сабырлы. Екінші әйелге ұсынысты қарастырмаймыз. Құдайдан қорқатын, сабырлы, отбасын асырай алатын адам іздейміз" - делінген хабарламада.

"Бәрі фейк сияқты"

Пікір бөлімінде қолданушылар аккаунтың жалған болуы мүмкін екенін жарыса жазды.

"Осы лохотрон емес пе, ешкім жауап бермейді ғой", "Солай сияқты, жүзден бірі шығады байланысқа", "Бауырлар, бұның бәрі өтірік сияқты, алданбаңдар" деп жазды желі қолданушылары.

Парақша өте белсенді жұмыс істейді. Бір күнде бірнеше анкета жариялап отыр. Парақша админстраторы ер-азаматтарға ескерту ретінде жазба жариялаған.

"Құрметті ер-азаматтар! Біздің қызмет тек үйленгісі келетін салмақты ойы бар адамдарға арналған. Тек қана неке қиып, отбасы болатындар үшін. Басқа қызмет көрсетпейміз. Тек қана отбасын құрғысы келетін екі жастың нөмірін бір-біріне береміз. Олардың кейбіреуінің ата-аналары болмауы мүмкін. Тек қана қамқоршысының рұқсатымен ғана сөйлесіңіздер", - делінген жазбада.

Еске салайық, бұған дейін екі әйел алған жігіт туралы жарияланған болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!