Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екібастұздықтарға алғыс айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Екібастұз тұрғындарымен әңгімелесу барысында қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін екібастұздықтарға алғыс айтты.
"Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Тиісті қаражат бөлінді. Сондықтан бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын", – деді Президент.
Еске салайық, былтыр 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланған еді. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болатыны айтылды. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!