Ресейлік "Вечер с Владимиром Соловьёвым" ток-шоуында саясаткер Дмитрий Дробницкий қазақстандық қоғамды дүрліктірген мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Ресейдің Украинадан кейінгі проблемасы - Қазақстан. Себебі, саясаткердің сөзінше, "Украинадағыдай нацистік процестер Қазақстанда да басталуы мүмкін" екен. Дмитрий Дробницкий туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
@massaget.kz #украина#ресей#россия#казахстан#қазақстан#проблема#мәселе#война#соғыс#рек#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Дробницкий туралы не белгілі?
Дмитрий Дробницкий 1968 жылы Мәскеуде ғалымдардың отбасында туған. Әкесі Олег Дробницкий - философ, этика және Батыс Еуропа философиясын зерттеген, Философия ғылымдарының докторы. Анасы Тамара Кузьмина да ғылым саласындағы адам. Дмитрий Дробницкий Мәскеу мемлекеттік университетін "физика" мамандығы бойынша бітірген. Артынша полиграфияға мамандандырылған бірқатар коммерциялық фирмада жұмыс істеген.
Дмитрий Дробницкийдің YouTube-арнасы мен Facebook-парақшасы бар. Одан бөлек, Telegram-арнасы бар. Алайда ол жерде ток-шоуда айтқан сөзіне қатысты пікір білдірмеген. Ал Facebook-ты наурыздан бері жаңартпаған. YouTube-арнасында соңғы видео бір ай бұрын шыққан. Саясаткердің кешегі мәлімдемесінен кейін қазақстандықтар оның арнасына "шабуыл" жасаған.
"Қазақстан бойынша сарапшы!", "Абайлап сөйле", "Дробницкий қазақтармен қарым-қатынаста отқа май құйып жүретін адам", - деген пікірлер жазылған.
Дробницкий және оның атышулы мәлімдемелері
Дробницкий Владимир Соловьевтің ток-шоуында жиі қонаққа келеді. Мысалы 24 ақпан күнгі эфирге саясаткер Украинадағы соғыс туралы айтқан.
"Украинаның жекелеген аймақтары хаостан босатылады", - дейді ол.
Саясаткер Украинадағы жағдайға байланысты өткір мәлімдемелер жасап отырады. Мысалы Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясы" яғни соғыс басталардан бірнеше сағат бұрын ойын айтқан. Ол Ресей екі жолдың бірімен кететінін: не ыдырайтынын, не посткеңестік кеңістіктің кері интеграциясы болатынын айтқан.
"Жаңа мемлекеттік шекара ұйымдастыру міндетті емес. Бірақ Ресейдің бақылауындағы интеграция болады. Бұл аймақта белгілі бір ұстаным әрекет етеді. Вашингтон пен Бейжіңдегідей емес. Бірақ Қазақстанда Қытаймен бірлескен басқару туындауы мүмкін. Егер Түркия өзін дұрыс ұстаса, ол да қатысуы мүмкін", - деп мәлімдеген болатын ол.
Ток-шоудағы тағы бір мәлімдемелерінің бірінде Дробницкий Ресей Үндістан мен Қытайды америкалық әлемнен бөліп алып, Мәскеумен одақты нығайту керек деп санайтынын айтады.
"Ол үшін Ресей Украинада айқын жеңуі керек. Оны Бейжің мен Дели күтіп отыр", - дейді саясаткер.
Екі ел арасындағы соғыс басталардан бұрын ресейлік саясаткер сұхбаттарының бірінде "соғыс үшін екі тарап қажет екенін" айтқан. Журналистің "Демек соғыс болмауы мүмкін бе?" деген сұрағына саясаткер былай деп жауап берген:
"Бәрі ойлап, қорқып жүрген соғыс болмайды. Әлемде түрлі қақтығыс болып жатады. Бірақ олар әскери емес қақтығыстар. (...) Бір нәрсе айтайын, алдағы 10-15 жылда Тайван Қытайдың құрамына кіреді, бірақ бейбіт жолмен. Украина да алдағы 10-20 жылда күйрейді. Ұзаққа бармайды, құлдырайды. Бұрын "ұстап тұрған" себебі - ол маңызды жоба болатын. Ал қазір оның (Украинаның - еск.) не үшін қажет екені түсініксіз. Қазір тек назарды басқа нәрсеге аудару үшін қажет".
Қазақстандық билік қалай реакция білдірді?
Ресейлік саясаткердің атышулы мәлімдемесіне алғашқылардың бірі болып Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко пікір білдірді. Ол Қазақстанда нацистік әрекеттерге тап болмағанын, елде ондай нәрсе жоқ екенін айтты.
"Мұндай мәлімдемелерге қатысты айтарым - Мемлекет басшысы да, СІМ басшылығы да, өзге басшылар да бұған дейін түрлі мәлімдеме естіді. Біріншіден, біз бұл Ресей Федерациясының ресми ұстанымы деп санамаймыз. Екіншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі тығыз қарым-қатынастарға нұқсан келтіріліп отыр. Үшіншіден, федералды арналардың бірінде осындай позициялар жарияланғандықтан Ресей Федерациясының билігі тиісті реакция береді", - деді Василенко.
Сонымен қатар, Сенат алаңында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед журналист Владимир Соловьевтің "Россия 1" телеарнасындағы ресейлік сарапшылардың сөйлеген сөздері туралы ойларын ортаға салды.
"Соловьев әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан нон грат алған адам болатын және қазір барлық түрдегі санкциялық қара тізімде бар. Сондықтан ыза-кектің салдарынан ол бәріне жармасып улы сілекейін шашып жүр", - деді Құл-Мұхаммед.
РФ басшысы Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та саясаткердің бұл мәлімдемесіне жауап берді. Қазақстандық журналист Әділ Балтабаев Дробницкийдің сөзі Кремльдің ұстанымымен қаншалықты сәйкес келетінін сұраған болатын.
"Бұл - саясаттанушылардың пікірі. Ол пікір үкіметтің, Кремльдің саяси ұстанымын білдірмейді. Оларды тыңдап, көрудің қажеті жоқ", - деді Песков.
Песковтың айтуынша, түрлі адамдар бар, олардың көзқарасы да әртүрлі. Алайда олардың ресми билікке ешқандай қатысы жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!