Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Қадірлі отандастар!
Сіздерді Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – Исламның тағылымы мол діни дәстүрі.
Құрбан айт адамдарды мейірімді, адал, жанашыр болуға, адамзаттың бәріне құрметпен қарауға үндейді. Осы құндылықтар ұлттың рухани өрлеуіне, қоғамда жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға ықпал етеді.
Айт күндері мұсылман қауым бір-бірін құттықтап, жақындарына амандық пен жақсылық тілейді. Шынайы көңілмен мұқтаж жандарға жәрдемдеседі. Мұның бәрі жұртшылықты жақындастырып, еліміздегі жалпыұлттық бірлікті, бейбітшілікті және келісімді нығайта түседі.
Мейірімділік, имандылық, қайырымдылық – халқымызға тән ізгі қасиеттер. Ұлық мерекенің ұлағаты жұртымыздың табиғатына етене жақын. Сондықтан бұл мейрам ұлттық салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, бірге жасап келеді.
Баршаңыздың дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!", - деді Президент.
Құрбан Айт 2023: Құрбандыққа шалынатын мал бағасы биыл қалай құбылды?
Айта кетейік, Қазақстанда 28-30 маусым аралығы - қасиетті Құрбан айт мерекесі.
Еске салайық, бұған дейін құрбандыққа шалынатын малға қатысты не білу керегін жазған болатынбыз. Материалда "Жолаушыға құрбан шалу міндетті ме? Буаз малды союға бола ма? Құрбандық шалғанда қалай ниет ету керек? Құрбандық орнына садақа беруге бола ма?" деген секілді сұрақтардың жауабын таба аласыз.
Құрбан айт 2023: құрбандықты ақшалай берсе, қабыл бола ма?
Сонымен қатар, Алматыда құрбан шалуға арналған 14 орын белгіленді. Астанада да қасиетті Құрбан айт мерекесі күндері құрбандық шалынатын орындар анықталды.
Құрбан айтта мұқтаж жандар құрбандыққа шалынған мал етін алу үшін онлайн түрде өтініш бере алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, құрбан шалу рәсімдерін өткізу үшін QURBAN-2023 жобасы әзірленген. Бұл онлайн және офлайн форматта іске асырылып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!