- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пойыз кешіккенде төленетін...
Пойыз кешіккенде төленетін өтемақы мөлшері қандай? ҚТЖ жауабы
Пойызбен саяхаттағанда жолаушылар түрлі күтпеген жағдайға тап болуы мүмкін. Соның бірі - пойыздың жоспарланған уақыттан кешігуі. Кешіккен пойыздарға қандай шара қолданылады? Бұл жағдайда жолаушы өтемақы ала ала ма? Пойызы кешіккен жолаушыларға қандай жағдай жасайды? Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК өкілі Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында түсіндіріп берді.
Ведомство өкілдері кешіккен пойыздарға қандай шара қолданылатынын айтты.
"Бүгінгі таңда ҚТЖ аз жүктелген учаскелер арқылы вагон ағындарының бағыттарын өзгерту, локомотивтерді қайта орналастыру, ірі тораптық станциялар мен учаскелердің өткізу қабілетін тиімді пайдалану сияқты жол бойында тоқтап тұрған пойыздар санын азайту бойынша бірқатар ұйымдастыру және технология шарасын қабылдап жатыр.
Қарашада тасымалдау жұмыстарының ұлғаюына байланысты желіде вагон паркінің саны 2021 жылға қарай 22 пайызға немесе 2017 жылға қарай екі есеге өсіп, 110 мың вагоннан асты. Бұл жағдай пойыз ағынын ілгерілетуде қиындықтар туғызады. Осыған байланысты, ҚТЖ басқа теміржол әкімшіліктерінің бос вагондарды қабылдауын 15 күнге шектеді", - делінген жауапта.
Ведомство мәліметінше, пойыз уақытынан кешіккен жағдайда жолаушыларға жағдай жасалып, көмек көрсетіледі.
"Жолаушыларды, багажды және жүк багажын теміржол көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес пойыз 10 сағатқа немесе одан да көп уақытқа кешіктірілген жағдайда жолаушыларды қонақүй бөлмелеріне жайғастырып, тиісті орындарда тамақтандырып, қажет сусындармен тегін қамтамасыздандырады.
Пойыз 6 сағат және одан да көп уақытқа кешігіп қалған жағдайда жолаушылар тамақ пен ауызсумен тегін қамтамасыз етіледі", - деп жауап берді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, ҚТЖ өкілдері пойыз кешіккен уақытқа жолаушыларға төленетін өтемақының мөлшерін айтты.
"Жол жүру құжаттарын сату және жолаушыларды тасымалдау кезінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ заңнамалық актілерді және норматив құжаттарды басшылыққа алады.
"Темір жол көлігі туралы" Заңының 80-бабына сәйкес жолаушыны жөнелтуді кешіктіргені үшін, сондай-ақ, жолаушыны тағайындалған темір жол стансасына дейін кешіктіргені үшін тасымалдаушы жолаушыға жол жүру құжатының бағасынан үш пайыз мөлшерінде айыппұл төлейді. Егер кешігу немесе кешіктіру форс-мажорлық жағдайлардың салдарынан болғанын жолаушы дәлелдемесе, жолаушыға келтірілген шығынды өтеуден басқа, кешіктірілген әрбір сағат үшін жол жүру құжатының (билетінің) құны белгіленген айыппұл сомасы жол жүру құжатының (билетінің) құнынан аспауы керек.
Кешігіп келген жолаушы пойызына айыппұл құнын төлеу жолаушының өтініші бойынша жүзеге асырылады", - делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін заңгер Азамат Беккулов пойыз жолаушыларының заңды құқығын түсіндіріп берген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова