Пойыз кешіккені үшін айыппұл өндіруге болады. Жолаушылардың құқығы қандай?

Пойыз кешіккені үшін айыппұл өндіруге болады. Жолаушылардың құқығы қандай?
Фото: Tengrinews/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстандықтар үшін алыс қалаға қатынайтын қолжетімді көлік түрі - пойыз. Алайда қыс түссе, пойыздың кешігіп келетін әдеті бар. Басқа жыл мезгілдерінде де кей өңірлердің пойызы кешігіп келеді. Әсіресе, бұл жағдайға батыстықтар шағымданады. Мәселен, Атырау тұрғындары Алматыға қатынауы үшін 1 күн 14 сағат жұмсайды. Оған кешіккен уақыт қосылады. Осындай кезде жолаушылар құқығын қалай қорғауы қажет? Massaget.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Жолаушылардың заңды құқығы қандай? Өтемақы өндіре ала ма?

Заңгер Азамат Беккулов жолаушылардың заңды құқығын түсіндіріп берді. Маманның сөзінше, кешіккен әр сағат үшін айыппұл төленуі керек.

"Теміржол көлігі туралы 2001 жылғы 8 желтоқсандағы №266 заңның 80-бабы 3-тармағына сәйкес, жолаушы пойызының жөнелтiлуiн кiдiрткенi, сондай-ақ, баратын темiржол станциясына кешiгiп келгенi үшiн тасымалдаушы, кiдiру немесе кешiгу тежеусiз күш салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушының шеккен залалын өтей отырып, оған кешiккен әр сағат үшiн жол жүру құжаты (билетi) құнының үш пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi. Өндiрiп алынған айыппұлдың сомасы жол жүру құжатының (билеттiң) құнынан аспауы тиiс. Жолаушы пойызының кешiккенi үшiн айыппұл төлеу тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының өтiнiшi бойынша жүргiзiледi" - дейді маман заңды келтіре отырып.

Бұл тек жолаушылар тасымалына қатысты емес. Белгілі бір жүктің немесе пошта арқылы тасымалданатын заттың да белгіленген мерзімі бар екен.

"Теміржол көлігі туралы заңға сәйкес жүк, пошта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау шарты бойынша талап қою мерзiмi - бiр жыл", - дейді заңгер.

Ал Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №545 бұйрығының 58-тармақшасына сәйкес, жол жүру шарттары өзгергені, сондай-ақ, пойызды 1 сағаттан артық кідірткені және кешіккен барлық жағдайда вагон жолсерігі жол жүру құжатының (билеттің) сыртқы жағына жол жүруді тоқтату күнін, уақытын, станциясын (пунктін) көрсетуі керек екен.

Сонымен қатар, пойыз 10 сағаттан артық кешіктірілсе, жолаушылардың тамақтануы, тағы да басқа қажеттіліктері қамтамасыз етілуі керек.

"Тасымалдаушы рейстер 10 сағатқа және одан да көп кідірген кезде жолаушыларға өз есебінен мейманханада, тиісті кідіріс орындарында орындарды және тамақтануды, оның ішінде мүгедектердің мұқтаждығын ескере отырып ұсынады", - дейді заңгер.

Сонымен қатар, жол бойында пойыз аралықта 6 және одан аса сағатқа кідірген жағдайда жолаушылар тегін тамақпен және ауыз сумен қамтамасыз етілуі қажет екен.

Заңгердің сөзінше, залал келтірген тарап кінәсін мойындамаса, жолаушы сотқа арыз беріп, өтемақы өндіруіне болады.

Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабы 4-тармағына сәйкес, темiржол көлігімен жүктерді, жолаушыларды, багажды тасымалдау қағидаларын бұзу жеке тұлғаларға бес, лауазымды адамдарға он, шағын кәсіпкерлік иелеріне он бес, орта кәсiпкерлiк иелеріне жиырма бес, iрi кәсiпкерлiк иелеріне отыз бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жолаушылар не дейді?

Әр өңірден қатынайтын пойыздар қанша уақытқа кешігетінін білу мақсатында кейбір облыс тұрғындарымен сөйлесіп көрдік. Ақтөбе тұрғыны Алматыға қатынайтын пойыз әдетте кешігетінін, бірақ көп дегенде 10-15 минутқа созылатынын айтады. Арасы айтарлықтай қашық саналатын Атырау мен Алматы бағыты арасында да пойыздар кешігіп келеді. Бұл туралы өңір тұрғындары жиі шағымданады. Олардың айтуынша, қайтқан кезде дәл уақытында жетсе де келе жатқанда үнемі кешігіп келеді. Кейде бұл уақыт 1 cағаттан да асып кетеді екен. Ал ШҚО тұрғыны Алматы мен Өскемен арасында жүретін пойыз да әдетте кешігетінін, бірақ жиі емесін айтады. Қызылорда облысының тұрғыны Алматы мен Астанаға пойызбен жиі баратынын, осы орайда Қызылорда-Павлодар пойызы үнемі кешігіп келіп, кешігіп жететінін айтады. Бұл кейбір өңірлер болса да жолаушылар тасымалына қатысты мәселенің бір ұшы уақытқа қатысты екенін көруге болады. Ал уақыт - қашан да басты құндылық. Оның үстіне, әркімнің жоспарлаған ісі, кездесу болуы әбден мүмкін.

Билет бағасында өзгеріс бар ма?

Мұндай мәселе әлі жалғасып жатыр, бірақ билет бағасы шарықтап барады. Energyprom.kz мәліметінше, жолаушылар пойызына арналған билет бағасы бір жылда 19,6 пайызға өскен. Қазақстандықтар үшін қала маңындағы пойыздарда жүру жылына 16,7 пайызға, резерв вагондарда 20,6 пайызға, купе вагондарындағы баға 17,8 пайызға қымбаттаған.

Өңірлер арасында билет бағасы Шымкентте (жылына 56,3 пайызға), Жетісу (45 пайызға) және Алматы (32,3 пайызға) облыстарында айтарлықтай өскен. Ал жыл басынан қыркүйекке дейін теміржол көлігімен барлығы 14,7 миллион жолаушы тасымалданған, бұл былтырмен салыстырғанда 32,6 пайызға артық.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова