- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Полиция секілді болуы...
"Полиция секілді болуы керек". Дәрігерлердің құқығы дұрыс қорғалып жүр ме?
Кеше Талғардағы аудандық ауруханада жағаұстатарлық жайт болды: әкесінің өмірден өткені туралы қайғылы хабарды естігеннен марқұмның ұлдары қайтыс болғаны туралы дәрігерлік куәліктің ресімделуін күтпестен, реанимация бөліміне баса-көктеп кірген, реанимация бөлімінің дәрігері мен меджігітті ұрып-соғып, марқұмның денесін ұрлап, оны орталық аурухананың аумағынан медициналық каталкаға салып алып кеткен. Бұл жайттан кейін Желі қолданушылары Қазақстанда дәрігерлердің құқығы дұрыс қорғалмағанын айтты. QazMed медицина қызметкерлерінің салалық одағы РҚБ төрағасы Әлиакпар Мәтішев Massaget.kz тілшісіне бұл мәселеге қатысты ойын айтты.
Әлиакпар Мәтішевтің сөзінше, бүгінде медицина қызметкерлері тұрмыстық қызмет көрсететін қызметкер деңгейіне түсіп кеткен. Оған себеп дәрігерлердің құқықтық мәртебесінің болмауында.
"2020 жылы 27 мамырда Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің отырысында тапсырма берген болатын. Ол медицина қызметкерлерінің құқықтық және қаржылық қорғау жүйесін әзірлеуді және енгізуді тапсырды. Бірақ үш жыл өтсе де әлі бұл жұмыс істелген жоқ. Бүгінде Парламент Мәжілісінің жұмыс тобында қаралып жатқан Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша енгізу туралы деген заң жобасы қаралып жатыр. бірақ заңда бұл мәселелер жоқ. Біз мәжілістің жұмыс тобына ұсынысымызды берген болатынбыз. Бірақ біздің ұсыныстарымыз қарастырылып жатқан жоқ", - дейді ол.
Әлиакпар Мәтішев нақты қандай өзгерістер қажет екенін айтты.
"Науқастар мен олардың өкілдері тарапынан заңсыз әрекеттер болса медицина қызмет міндетін атқару кезінде жедел және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің мәртебесін беру қажет. Яғни дәрігерлер полиция секілді болуы керек. Ол болмаса Талғардағы секілді оқиғалар әлі де бола береді. Бұл бірнеше жылдан бері келе жатқан проблема. Сондықтан Мәжілістегі заңды қайтарып, қайта қарастыру керек. Заңды дәрігерлер қауымдастығымен ақылдасып отырып қарастыру керек", - дейді Әлиакпар Мәтішев.
Бұл мәселені депутат Гүлдара Нұрымова да көтерген болатын. Оның сөзінше, Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлеріне бұған дейін 12 рет шабуыл жасалған.
"Нені күтіп отырмыз, әріптестер? Біздің елімізде медицина қызметкерлеріне туыстары мен науқастардың өздерінен зорлық-зомбылық көрсету қалыпты жағдайға айналған ба? Бұлай жалғаса берсе халықты емдейтін адам қалмайды!!!", - дейді депутат Нұрымова Мәжіліс отырысында.
Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады.
"Біріншіден, Талғардағы ауруханадағы жағдайға тиіс баға беріліп, кінәлілер заң бойынша жазалануы керек.
Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін қорлау бойынша қоғамда нөлдік төзімділік бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.
Үшіншіден, біз медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы Заңның қабылдап, ол бойынша бірге жұмыс істеуіміз керек деп есептейміз", - деді Гүлдара Нұрымова.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда әкесі қайтыс болғанын естіген ер адамдар дәрігерлерді аяусыз ұрып тастағаны хабарланған еді. Артынша полиция күдіктілерді ұстады.
Бұл жайтқа қатысты Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері пікір білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина