Павлодарда оқу кабинеттерінің бірінен өткір иісі бар таблеткалар табылғаннан кейін төрт оқушының жағдайы нашарлаған. Үш балаға медициналық көмек қажет болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар қалалық білім бөлімі мәліметінше, өткір иісі бар белгісіз таблеткалар оқу кабинетінен табылған.
"Мектеп кабинетінен өткір иісті таблеткалар табылды. Сабақтан кейін төрт оқушы өзін жайсыз сезінген. Тексеріс қорытындысы бойынша балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды", - деп жазылған хабарламада.
Мектеп әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізіп, жауапты қызметкерлерге тәртіптік шара қолданған.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 2014 және 2015 жылы туған балалар улану белгілерімен ауруханаға жүгінген. Кезекші педиатр тексергеннен кейін олар амбулаторлық бақылауға жіберілген.
Дәрігерлердің алдын ала мәліметі бойынша улану белгісіз затты иіскегеннен болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) оқушыларының саны 55-ке жетті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!