Павлодарда Жеңіс саябағында билеген оқушыларға қатысты іс: сот шешімі шықты

Павлодарда Жеңіс саябағында билеген оқушыларға қатысты іс: сот шешімі шықты
Фото: Видео кадры

Павлодарда 9 мамыр қарсаңында Жеңіс саябағындағы оқушылардың биі дау туғызды. Сот осы жағдайға қатысты шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот отырысы

Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2008 жылғы Ж. мен 2009 жылғы И.-ге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады.

"2025 жылғы 2 мамырда сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған Ж. мен И. Павлодар қаласындағы Даңқ алаңына барып, Даңқ Обелискі мен Мәңгілік алаудың жанында ұятсыз билермен бейнеролик түсіріп, осылайша Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 4-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылықты жасаған", - деп жазылған хабарламада.

Сот отырысы барысында екі қыз кінәсін толық мойындаған.

Сот шешімі

Сот ұсынылған материалдарды қарап, кәмелетке толмаған Ж. және И.-ді әкімшілік құқықбұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танып, әрқайсына 10 АЕК, яғни 39 320 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейінгі оқиға

Еске салайық, бұған дейін kerek.pv Telegram арнасында жарияланған кадрларда саябақта төрт қыз тверк билеп жатқаны көрінетіні хабарланды. Видеода "Жеңіс саябағын қорлап жатырмыз" деген жазу бар.

Павлодар облысының Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенованың ақпараты бойынша олардың арасында үш оқушы және колледждің бір студенті бар, екеуі 16 жаста.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget