Павлодарда Жеңіс саябағында билеген оқушылар сынға қалды

Павлодарда Жеңіс саябағында билеген оқушылар сынға қалды
Фото: Видео кадры

Павлодарда 9 мамыр қарсаңында Жеңіс саябағындағы оқушылардың биі дау туғызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

kerek.pv Telegram арнасында жарияланған кадрлардан саябақта төрт қыз тверк билеп жатқаны көрінеді. Видеода "Жеңіс саябағын қорлап жатырмыз" деген жазу бар.

Әлеуметтік желі қолданушылары кәмелетке толмағандардың биін Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды қорлау деп санап, кінәлілерді жазалауға шақырды. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысушыларды жедел анықтап, оларды ата-аналарымен бірге полицияға жеткізді.

"Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Сонымен қатар, Павлодар әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға ұсыныс жолданды", - деді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Павлодар облысының Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенованың ақпараты бойынша олардың арасында үш оқушы және колледждің бір студенті бар, екеуі 16 жаста.

"Төрт қыздың екеуі тиісті жасқа жеткендіктен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал қалған 16 жасқа толмаған қыздар үшін заңды өкілдері жауап береді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар өздері оқитын оқу орындарында есепке қойылады", - деп нақтылады Сәуле Шәкенова.

Сәуле Шәкенова 16 жасқа толмаған екі қыздың заңды өкілдеріне ӘҚБтК-нің 435 және 127-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылғанын айтты.

"16 жасқа толған қыздарға ӘҚБтК-нің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша хаттама толтырылды, олардың ата-аналары да 127-бап бойынша жауапқа тартылды", - деді ол.

Айта кетейік, ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша бес тәуліктен 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу және айыппұл салу жазасы көзделген. ӘҚБтК-нің 127-бабында айыппұл түріндегі жаза және 10 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget