Партиялар Құрылтай депутаттарының тізімін жариялады

Партиялар Құрылтайдың алғашқы құрамына сайланған депутаттардың тізімін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ауыл" партиясы

"Ауыл" партиясы жаңа Парламент - Құрылтайда мандат алатын депутаттар тізімін бекітті. Шешім 26 тамызда партияның саяси кеңесі бюросының отырысында қабылданды.

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Құрылтай құрамына мына адамдар кіреді:

Қайрат Айтуғанов - Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы. Бұған дейін ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары және ҚазАТУ проректоры қызметін атқарған. Қайрат Айтуғанов "Ауыл" партиясынан үш рет сайлауға түскен: 2020 жылы депутаттыққа, 2023 жылы Мәжіліске, ал 2026 жылы Құрылтайға.

Шахмардан Байманов - "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары және орталық аппарат басшысы. Бұған дейін Жастар және отбасы істері комитетін басқарған, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, кейін өңір әкімінің орынбасары болған. 2016 жылы Мәжіліс депутаттығына кандидат болды. 2026 жылы "Ауыл" партиясының партиялық тізімі бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тіркелді.

Захира Бегалиева инклюзия және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мәселелерімен айналысады. Оның әлеуметтік осал топтардың кәсіби дағдыларын дамытуға көмектесетін ITeachMe қорымен байланысы бар. Бұған дейін депутат болмаған.

Серік Егізбаев - "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Бұған дейін ақпарат вице-министрі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. 2023-2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болып, Аграрлық мәселелер комитетін басқарды.

Мұрат Иргибаев - Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары. 2024-2025 жылдары "Ауыл" партиясы төрағасының кеңесшісі болды. 2025 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарады.

Ажар Қажыбекова - Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Бұған дейін басқарма басшысының орынбасары болса, 2024 жылдың басында басшының міндетін уақытша атқарған. 2024 жылғы шілдеден бастап басқарманы басқарып келеді.

Владимир Киян - биотехнолог-ғалым және Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары. Ғылыми зерттеулер мен биотехнологиялар саласына маманданған.

Алмас Мұхаметов - Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры.

Динара Райханова - Қосшы қалалық мәслихатының депутаты және "Ауыл" партиясының мүшесі.

Рабиға Тоқсейітова – Aitas-KZ АҚ холдинг компаниясының вице-президенті. Бұл қызметті 2012 жылдан бері атқарып келеді. "Ауыл" партиясынан Парламентке үш рет сайлауға түскен: 2020 жылы, 2023 жылы Мәжіліске, ал 2026 жылы Құрылтайға.

Бекітілген тізімі бар құжаттар депутаттық мандаттарды тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды.

Партия өңірлерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, әлеуметтік саясат, білім және ғылым, отбасы мен жастарды қолдау, экология мәселелерімен айналысатынын мәлімдеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) жаңа Парламент - Құрылтай құрамына кіретін 8 депутатын анықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Өткен сайлауда ЖСДП партиясы сайлаушылардың 5,11 пайыз дауысын жинады - оған 469 058 адам қолдау білдірді. Жаңа Парламентте партия 8 мандатқа ие болды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) жаңа Парламент - Құрылтай құрамына кіретін 8 депутатты анықтады.

Төралқа отырысының қорытындысы бойынша ЖСДП Құрылтай құрамына кіретін кандидаттар тізімін бекітті:

  • Асхат Рақымжанов - партия төрағасы, VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, Социалистік интернационал халықаралық ұйымының вице-президенті;
  • Мақсұт Нәсібулов - ЖСДП орталық аппаратының басшысы;
  • Нұрайнаш Камалова - ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы;
  • Лариса Ли - PANA жобасының жетекшісі;
  • Аслан Құлмағамбетов - ЖСДП елордалық филиалының экологиялық саясат мәселелері жөніндегі талдаушысы;
  • Арман Ақылбай - Әділет министрлігі Персоналмен жұмыс департаментінің директоры;
  • Наурыз Сайлаубай - ЖСДП жастар қанатының жетекшісі, VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты;
  • Ажар Сағандықова - VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, ЖСДП әйелдер қанатының жетекшісі.

Respublica партиясы

Respublica партиясынан Құрылтайға мына тоғыз депутат кіреді:

  • Айдарбек Қожаназаров - Respublica партиясының төрағасы.
  • Олжас Құспеков - Respublica партиясы төрағасының орынбасары.
  • Махамбет Хасенов - 2012 жылдан бері "Әлмерек мұнай базасы" ЖШС бас директоры.
  • Динара Наумова - VIII шақырылымдағы Мәжілістің бұрынғы депутаты.
  • Нұргүл Тау - VIII шақырылымдағы Мәжілістің бұрынғы депутаты.
  • Бекжан Айтқұлов - Respublica партиясы Түркістан облыстық филиалының басшысы.
  • Руслан Ыдырысов - қазақстандық кәсіпкер, Global Foods компаниясының негізін қалаушы және Алматы қаласы VIII шақырылымындағы мәслихат депутаты. Сондай-ақ, ол Алматының Джиу-джитсу федерациясын басқарады.
  • Мейірхат Қасымбаев - "ҚазАвтоЖол" ҰК басқармасының бұрынғы төрағасы.

"Ақ жол" партиясы

"Ақ жол" демократиялық партиясынан Құрылтай құрамына мына тұлғалар кіреді:

  • Дания Еспаева - партия төрағасы, VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты;
  • Дәурен Ахметжаев - партияның Жамбыл облыстық сайлауалды штабының мүшесі;
  • Бақтыбек Бибаев - "ТексолТранс" ЖШС-ның Астанадағы өкілдігінің басшысы;
  • Асылхан Қожахметов - өңірлік жұмыс жөніндегі саяси кеңестің хатшысы, партия аппаратының басшысы;
  • Юрий Ли - "Қазақстанның қаржылық мәдениеті" қоғамдық қорының бас директоры;
  • Олжас Нұралдинов - VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты;
  • Мейраш Шынасылова - партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы;
  • Ермекқали Юсупов - партияның Атырау облыстық филиалының төрағасы.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысты. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Құрылтай сайлауының нәтижесі

25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша қорытынды нәтижені жариялады. Партиялар Құрылтайға өтуі үшін жалпы дауыс берушілер санының кемінде 5 пайызын жинауға тиіс болатын.

Құрылтайға бес саяси партия өтті. Мандаттар былай бөлінді:

  • "Әділет" партиясы - 110 мандат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 8 мандат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 10 мандат;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 8 мандат;
  • Respublica партиясы - 9 мандат.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, сайлаушылардың жалпы саны - 12 623 289 адам. Сайлауға 9 351 539 адам (тізімге енгізілген азаматтардың 73,8 пайызы) қатысқан.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!