Жақында Қырғызстанда жантүршігерлік жайт болды: ер адам бұрынғы әйелін түні бойы аяусыз қинап, құлағы мен мұрнын кесіп тастаған. Ең сорақысы ер адам аяусыз әрекеттерін баласының көзінше жасаған. Мұндай жайтқа куә болған балалар есейгенде қандай болады? Бұл мәселеге қатысты Massaget.kz тілшісі жеке практика психологы, суицидолог Қарлығаш Мелис ойын айтты.
Психолог ең алдымен балаға өзінің туып-өскен ортасы әсер ететінін атап өтті.
"Баланың туып-өскен ортасы - алғашқы ортасы. Ата-анасы - алғашқы тәрбиешісі. Сол "тәрбие беретін" адамның істеген әрекеті, әліппедегі әріптердей санасында мәңгі қалатыны сөзсіз. Ұрсыс-төбелестің кішкентай бала психикасына зияны көп. Бала қорқыныш пен үрейдің ортасында жалғыз қалады. Күнделікті өмірінде өзін қорғаудан басқа ой салмайды. Көмек сұрайтын анасы қорлық көріп, ал қорғайтын әкесі қанышер болып тұрса, не істесін? Тек өзін қорғаудан басқа мақсаты жоқ бала қалыпты өсіп, дами алмайды", - дейді Қарлығаш Мелис.
Психолог бала кішкентай кезінде зорлық-зомбылық, зәбір көрсетудің куәгері болса мұндай әрекеттер санаға қонып қалуы әбден мүмкін екенін айтады.
"Агрессия агрессияны туындатуы да мүмкін. Агрессор болу да, агрессияның құрбаны болу да содан шығады. Ұрып-соғып, біреуге күш көрсету, қорқыту, зәбірлеу - жалпы өмірге деген парадигмасы, қарапайым айтқанда - көзқарасы өзгермейді. Себебі ол ана сүтімен бірге беріледі", - дейді маман.
Сонымен қатар, Қарлығаш Мелис қатыгездікпен бетпе-бет келген баланың психикасында қандай өзгеріс болатынын түсіндірді.
"Көз алдында әкесінің анасына шексіз қатыгездік көрсеткені, әр баланың психикасына орны толмас жарақат әкеледі. Ондай баланың жүрегіне жол тауып, өмірге жаңадан аяқ басуына көмек көрсету қажет. Ең бірінші - қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек: айқай-шудан алыс ұстап, күнделікті режимін қалыптастыру маңызды. Балаға ыңғайлы орта қалыптастыру керек. Балаларға көңіл-күйі жақсы және жылы атмосфера тудыру керек", - деп түсіндірді маман.
Еске салайық, Қырғызстандағы жантүршігерлік жайт туралы 22 қыркүйекте белгілі болды. Ер адам бұрынғы әйелінің құлағы мен мұрнын кесіп тастаған. Ал бір жыл бұрын ол жәбірленушіні ұрып-соғып, зорлағаны үшін ұсталған. Бұл туралы әлеуметтік желіде жәбірленушінің әпкесі жариялады.
Осы істі жасағаны үшін 39 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр. Күйеуі құлағы мен мұрнын кесіп тастаған әйелге Түркияда тағы бірнеше ота қажет. Оны зардап шеккен әйелдің әпкесі мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір жәбірленушінің жағдайы ауыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!