Отбасылық жаңалықтарын жариялап тұрады, әріптестеріне тіркелген: әлеуметтік желіде белсенді шенеуніктер анықталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбаттарының бірінде WhatsApp-тағы хабарламаларға өзі жауап беретінін, тапсырманы да кейде WhatsApp арқылы беретінін айтқан еді. Президенттің Twitter-дегі парақшасында 349 мыңнан аса оқырманы бар. Ал Instagram желісінде 2 миллион 600 мың оқырманы бар. Ал министрлік басшылары әлеуметтік желілерін қалай жүргізеді? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді.
Премьер-министр қай желіге тіркелген?
Премьер-министр Әлихан Смайылов былтыр Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақша ашқан еді. Қазір оның 29 мың оқырманы бар.
"Қымбатты достар! Facebook-те жеке парақшамды аштым. Жазылыңыздар, сұрақ қойыңыздар, идея ұсыныңыздар. Мүмкіндігінше сауалдарыңызға жауап беріп, қажет шешімдерді қабылдаймын!" - деп жазған еді Смайылов Facebook-парақшасында.
Оның бұл жазбасына халық пікір білдіріп, көкейінде жүрген сауалдарын қойған. Кейінірек Смайылов оқырмандарына алғыс білдіріп, маңызды мәселелер міндетті түрде талқыланатынын айтты.
"Достар, белсенділік танытып, сұрақ қойып жатқандарыңызға алғыс білдіремін. ҚР премьер-министрі кеңсесіне қойылған әрбір сұрақ пен көтерілген әрбір проблеманы мұқият зерделеуге тапсырма бердім. Өкінішке қарай, жұмыс бабына байланысты сіздердің барлық сұрағыңызға жеке жауап бере алмауым мүмкін. Десе де ешбір өзекті сұрақ жауапсыз қалмайтынын және оларға құзырлы органдар міндетті түрде жауап беретінін жеткізгім келеді", - деді премьер-министр.
Расында да, жазбаларға шенеунік жауап беріп отырмағанымен, өзі қатысқан маңызды шараларды жариялап отыратынын байқадық. Парақшасы ашылған кезде Үкімет басшысының парақшасына 19 847 адам тіркеліп үлгерсе, бір жылда оқырман санын 10 мыңға арттырыпты.
Үкімет басшысы Twitter желісіне 2019 жылы тіркелген, кейінгі жазба 2021 жылы жүктелген. Есесіне Facebook-те көк белгі алған.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ешқандай әлеуметтік желіге тіркелмеген. Премьер-министрдің орынбасары - Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев та осы қатарда. Бірақ Instagram желісінде оның атындағы бір парақша бар екен.
Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің Facebook-те 40 мың оқырманы бар. 1218 адамды достығына қабылдаған. Ол атқарылған іс-шараларды дәл осы әлеуметтік желіде бөлісіп отырады.
Министрлер қай әлеуметтік желілерде отырады?
Премьер-министрінің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Facebook желісінде тіркелген. Алайда қанша оқырман тіркелгені көрсетілмеген. Оның үстіне мереке күндері ғана Отандастарын құттықтайтын шенеуніктер қатарында екен.
Премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу де ешқандай әлеуметтік желіге тіркелмегені байқалды.
Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Facebook желісінде тіркелген. Оның 5000 аса оқырманы бар. Кейінгі жазбасын 9 сәуірде жариялапты.
Ал Twitter желісіне 2020 жылы желтоқсанда тіркелген. Бірақ бұл желіде белсенді емес екен, өйткені былтыр 25 қазанда ғана Республика күнімен құттықтап, кейінгі жазбасын салған.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ешқандай әлеуметтік желіге тіркелмеген. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та осы қатарда екен.
Есесіне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook желісінде көк белгі алған. Оның 12 мыңнан аса оқырманы бар. Бұл Желідегі парақшасында өзі туралы ақпаратты да толық берген. Тіпті үйленген екенін де белгілепті. Ал кейінгі жазбасын боксшыларға арнапты.
"Шын мәнінде өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды", - депті ол.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Facebook желісінде тіркелген. 3700-ден аса оқырманы бар. Ол да өз жұмысына қатысты жаңалықтарды жариялаудың көзі ретінде әлеуметтік желілерді таңдаған.
Әділет министрі Азамат Есқараевты ешқандай әлеуметтік желіден таппадық.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Facebook желісіне тіркелген. Оның 22 мыңнан аса оқырманы бар. Көк белгіні де алған. Бұған дейін ашық сұхбат беріп жүрген шенеунік министр болғаннан кейін де бұдан қол үзбеген секілді. Себебі Twitter желісінде 4000-дай оқырманы бар. Мұнда да жазбалар жариялап тұрады. Instagram желісінде 70 мыңға жуық оқырманы бар. Бұл желіде де көк белгіні алған. Өзі 2479 адамға тіркелген. Оның ішінде министрлер, блогерлер, ақпарат порталдарына және университеттің парақшаларына тіркелген.
Министр ант беру рәсімінің видеосын жариялаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір Саясат Нұрбек те басқа министрлер секілді парақшаларын жұмысын көрсетер алаң ретінде пайдаланады. Ал 3 жыл бұрын түрлі сипаттағы жазбалар салыпты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың (Giniyat Azhar) Facebook желісінде парақшасы бар. Оның достығында 2500-ге жуық адам бар.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жұмыс барысын ғана емес, отбасылық суреттерін де жүктеп отырады. Ол 2014 жылы сәуірде Facebook желісінде парақша ашқан. Айта кетейік, оның қазір 35 мыңға жуық оқырманы бар.
Кейде шенеунік отбасымен бірге түскен, соның ішінде ата-анасымен бірге отырған сәттің суретін жариялап тұрады.
Сондай-ақ, отбасылық жаңалықтарын да бөлісіп отырады.
"Алдияр баламызды өзім білім алған КТЛ-ға оқуға түсу үшін емтиханға әкелдік. Ұзақ жол, белестер, небір шыңдар әлі алда. Бірақ үлкен жеңістер алғашқы қадамнан басталады. "Баласы бәйгеге шапқанда, ата-анасы тақымын қысады" дегендей, кішкене өзімде де қобалжу бар. Сәттілік тілеймін балам!" - деген ол.
Министрдің Instagram желісінде де парақшасы (bagdatmussin) бар. Ол 753 жазба жүктеген, 74 мыңнан аса оқырманы бар. Өзі 67 парақшаға тіркелген. Ал әріптестерінен экс-министр Аймағамбетовке ғана тіркеліпті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Министр оқырмандарымен мұнда да отбасындағы қуанышты жаңалықтарды бөлісіп отырады.
"Баспасөз маслихатында қойылып жатқан сауалдардан емес, өмірімдегі ең бақытты сәтті күту сезімінен қобалжып отырдым. Сүйінші! Біз бесінші рет ата-ана атандық", - деп жазған ол Желіде.
Бағдат Мусин (@BagdatMussin) Twitter желісіне 2011 жылы мамырда тіркелген. Онда 4900-ге жуық оқырманы бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованы тек Twitter желісінен таптық. Бұл желіге 2022 жылы желтоқсанда тіркеліпті. Кейінгі жазбасы зейнетақыға қатысты, ол 24 наурызда жарияланған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевты ешқандай әлеуметтік желіден таппадық.
Есесіне оның әріптесі Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов салыстырмалы түрде әлеуметтік желілерде белсенді екен. Instagram-дағы парақшасында оқиғаларды, өзін түсіріп, жиі видео жүктеп отырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның Instagram парақшасында 38 мыңға жуық оқырманы бар. 1936 жазба жариялаған. Өзі 378 адамға тіркелген. Оның ішінде спортшылар, өнер жұлдыздары да бар. Ал Facebook-те 5000-ға жуық досы бар.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтің Facebook желісінде 2 мыңнан аса оқырманы бар. Ал Instagram желісінде 19 мыңға жуық оқырманы бар. Бұл желіде бес-ақ адамға тіркелген. Бірі - ақпараттық портал, бірі - Президенттің парақшасы, сондай-ақ, Ақорда, Оқу-ағарту министрлігі, Үкіметтің Желідегі парақшаларына тіркелген.
Ал ең алғашқы жазбасы танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызымен бірге түскен суреті екен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді тек Twitter-ден таптық. Онда 2021 жылы тіркеліпті. Ал кейінгі жазбасы 24 ақпанда көңіл айту жазбасы екен.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та айтарлықтай белсенді емес. Ол да Twitter-де тіркелген. Кейінгі жазбасында елшімен кездескенін жазыпты.
Иордания Хашимит Корольдігінің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі @yousefmghani мырзамен кездесіп, үкіметаралық комиссиясының V отырысын ұйымдастыру, инвестиция тарту және қосарланған салық салуды жоюға қатысты шарттық-құқықтық базаны кеңейтуді талқыладық… pic.twitter.com/mWV0ULH8AY
— Alibek Kuantyrov (@AlibekKuantyrov) May 17, 2023
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те осы қатарда. Өйткені Facebook-тегі парақшасында "Самұрық-Қазына" компаниясында жұмыс істейтіні көрсетілген. Ал кейінгі жазбасы былтыр жарияланыпты.
Бірақ 2014 жылдары әлдеқайда белсенді болғанға ұқсайды.
33 жастағы экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова әріптестерінен әлеуметтік желі бойынша әлдеқайда алда тұр. Өйткені ол Желінің бүкіл мүмкіндігін пайдаланып отырады. Мәселен, Facebook-те 5000-ға жуық оқырманы бар. Бұл желідегі кейінгі жазбасы Президентпен түскен суреті екен.
Instagram желісінде 10 мыңдай оқырманы бар. Ол үнемі тікелей эфирге кіріп, сұрақтарға жауап беріп отырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар, сапарларынан да суреттер жүктеп отырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шенеунік ресми образда емес, қарапайым киінген суреттерін жариялап отыруымен де ерекшеленеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал Twitter-де сонау 2014 жылы тіркеліпті.
Сонымен, әлеуметтік желіде белсенді министрлердің көшін Зүлфия Сүлейменова, Асхат Оралов, Саясат Нұрбек, Бағдат Мусин секілді жас шенеуніктер бастап тұр екен.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде қай облыс әкімі белсенді екені туралы жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова