Өскеменде полицей кісі қолынан қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мәліметінше, оқиға 4 қазанға қараған түні қаладағы дәмханалардың бірінде болған. Келушілердің бірі өзіне ескерту жасаған 40 жастағы жергілікті тұрғынға дене жарақатын салған.
Алған жарақаттары салдарынан жәбірленуші қаза тапқан. Күдіктінің әрекетінен тағы бір азамат зардап шеккен.
"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды (соталды тергеу басталды - еск.). Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қаза тапқан азамат полиция қызметкері болған. Оқиға кезінде ол қызметте болмаған", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбады.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында полицей кісі қолынан қаза тапты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова