ОСК сайлауға қатысу көрсеткішінің алдын ала қорытындысын жариялады

Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман сайлауға қатысу жөніндегі алдын ала мәліметті жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ОСК-ның алдын ала дерегіне сәйкес, дауыс беруге 9 352 151 сайлаушы қатысты. Бұл – тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 74,19 пайызы.

Астана – 51,67 пайыз;
Абай облысы – 81,41 пайыз;
Ақмола облысы – 82,69 пайыз;
Ақтөбе облысы – 88,30 пайыз;
Алматы облысы – 71,17 пайыз;
Атырау облысы – 70,74 пайыз;
Батыс Қазақстан облысы – 73,38 пайыз;
Жамбыл облысы – 85,18 пайыз;
Жетісу облысы – 91,19 пайыз;
Қарағанды облысы – 76,28 пайыз;
Қостанай облысы – 76,47 пайыз;
Қызылорда облысы – 90,75 пайыз;
Маңғыстау облысы – 71,38 пайыз;
Павлодар облысы – 71,20 пайыз;
Солтүстік Қазақстан облысы – 77,31 пайыз;
Түркістан облысы – 92,16 пайыз;
Ұлытау облысы – 70,72 пайыз;
Шығыс Қазақстан облысы – 87,50 пайыз;
Алматы – 43,23 пайыз;
Шымкент – 75,42 пайыз.

Сайлау учаскелері жабылар сәтке дейінгі кейінгі мәлімет сағат 18:00-де жарияланған еді. Сол уақытқа дейін 9 095 298 сайлаушы дауыс берді. Бұл - тізімге енгізілген азаматтардың 72,15 пайызы. Алайда бұл әлі түпкілікті көрсеткіш емес.

Қазақстан аумағындағы сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Учаскелер жабылған бойда комиссиялар дауыстарды санауға кірісті. Одан кейін аумақтық сайлау комиссиялары қорытындыны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.

Нәтиже қашан белгілі болады?

Елдегі сайлау учаскелері 07.00-ден 20.00-ге дейін ашық. Олар жабылғаннан кейін бірден дауыстарды санау басталады. Комиссиялар нәтиже туралы ОСК-ға дереу есеп береді. Орталық сайлау комиссиясы қорытындыны арнайы отырыста шығарады.

Алдын ала қорытынды бірнеше күн ішінде жариялануға тиіс. Ал ресми нәтиже сайлаудан кейін 7 күннен кешіктірілмей шығарылады.

Бұл - сайлаудың түпкілікті қорытындысы биыл 30 тамызға дейін жарияланады деген сөз.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!