Дана Әтешова Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында бұрынғы күйеуі, Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтеновтен неге 4 бөлмелі пәтерді алмағанын түсіндірді.
"Орындай алмайтындай шарттар қойды"
Дана Әтешованың сөзінше, ең басты себеп - Әйтенов тарапынан орындай алмайтындай шарттар қойылуы. Алайда Әйтенов пен Әтешова арасында медиациялық келісім болуына байланысты Әтешова қандай шарттар қойылғанын ашып айта алмады. Өйткені оның сөзінше, бұл ақпараттарды жария еткені үшін Әйтенов өзінің үстінен сотқа арыз жазуы мүмкін.
"Бір заңды қағаз көрмедім"
Оның үстіне Әтешова бизнес санаттағы 4 бөлмелі пәтердің менің немесе ұлымның атына ресімделгені туралы ешқандай заңды құжатты көрмегенін айтты. Пәтерді Әйтенов Әтешоваға айтпай сатып алған.
"Басында пәтерді кімнің атына жазғанын айтпады. Қазір ұлымыздың атына жазылғанын айтып жатыр. Бірақ қандай жолмен берілгені белгісіз. Сыйға берілген болса, оны өзгертіп алуға болады", - деді Әтешова Massaget.kz-ке сұхбатында.
Бизнес санатындағы 4 бөлмелі пәтердің кімге, қашан рәсімделгені туралы Марат Әйтеновтің адвокаты Мұрат Амитовке сұрау салдық. Massaget.kz бұл мәселені анықтауға тырысып жатыр.
"Әйтеновке сенім жоқ"
Дана Әтешова Марат Әйтеновке бұған дейінгі әрекеттерінен кейін сенімі жоғалғанын ашық айтты. Оның сөзінше, бұған дейін кезекті жанжалдың бірінен кейін мәселе ажырасуға дейін жеткен. Әйтенов Әтешоваға ажырасу туралы құжаттарға қол қойғызып алған. Алайда артынша екеуі татуласып, Әтешова бұл жайлы ұмытып кеткен. Кейін Әйтенов Әтешованың сыртынан ажырасуға арыз беріп тастағаны белгілі болған. Бұл туралы Әтешова Түркияға сапарының алдында білген. Әйтенов хабарласып, "олардың заттарын басқа жаққа көшіргенін, осылайша бөлек кететінін" айтқан.
"Мұндай нәрсені телефонмен айтқанына таңғалдым. Бізді түсініксіз пәтерге көшірген, кімнің пәтері екені де белгісіз, ешқандай қағазы жоқ. Мен қуып жібермей ме деп ойладым. Сөйтіп өзіміздің бұрын тұрып жатқан үйімізге көшіп кеттім. Ол Әйтеновтің досының атында. Әйтенов оны біз тұрып жатқан кезде досына бір шартпен, яғни бізді көшіріп жіберу деген шартпен сыйлаған. Біз Түркиядан келгенде, Әйтенов "тұра беріңдер, үйден енді сендерді шығармаймын" деді. Біз сеніп қалдық. Сөйтсек, 9 айда досының атына рәсімдеу туралы құжаттарды жасаған. Үйді алған досы бізге "шық" дей бастады. "4 бөлмелі пәтерге барасың" деп, ол үшін шарттарға қол қоюды сұрады. Былайша айтқанда, қысым ғой", - деді Әтешова.
Дана Әтешованың сөзінше, осындай бірнеше жағдайдан кейін Әйтеновке деген сенімі түбегейлі жоғалған.
"Шынын айтқанда, Әйтеновке сенімім жоқ. Өзі заңгер болғаннан кейін қорқынышты", - деді ол.
Әлеуметтік желіде Әйтеновтің адвокаты бизнес санатындағы 4 бөлмелі пәтердің видеосын жариялаған.
Пәтер нақты қандай тұрғын үй кешенінде екені белгісіз. Дегенмен танымал сайттарда Астанада ауданына, орналасқан жеріне байланысты бизнес санаттағы 4 бөлмелі пәтерлердің құны 50, 60, 70 миллион теңге тұратыны, тіпті одан да асып кететіні байқалады.
Қазір Дана Әтешованың басты мақсаты - некеде тұрған кездегі ортақ заңды мүлікті бөлісу.
"Басында ажырасқанда көлік, алимент, тұратын жер қалдыруды сұрағанмын. Бірақ ол көнбеді. Ақыр аяғында осы жағдайға тап болдым, заңды түрде құқығымды қорғауға мәжбүр болдым", - деді Әтешова.
Дана Әтешованың Әйтеновтің бірінші әйеліне қатысты пікірін келесі материалдан оқи аласыздар.
Айта кетейік, Марат Әйтенов Қазақстан мен шетелде экономика, құқық салалары бойынша білім алған. Ол Қазақстанның белді компанияларында қызмет еткен. "Самұрық-Қазына" АҚ-да атқарушы директор, "Ұлттық инновациялық қор" АҚ-да басқарушы директор, "Экономикалық зерттеулер институты" РМК-да бас директордың орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылдан бастап "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқармасының мүшесі болды.
Марат Әйтеновтің бауыры Мұрат Әйтенов те лауазымды қызметте болған, 2020-2023 жылдары Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы бұрынғы әйелі мен үш баласын үйінен күштеп қуып шыққаны туралы видео тарап кетті. Кадрларда белгісіз ер адам Дана Әтешованы үйінен күштеп алып шығады. Кадр сыртында бұл Марат Әйтенов екені айтылады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.
"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп, күш қолданғанда, бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - деп жазылған жазбада.
Дана Әтешова бұл жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Ал Астана полициясы Әйтенов отбасын үйінен қуып шыққан шулы видеодан кейін тергеу жүргізілгенін хабарлады. Кейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов ұсталды.
Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды.
Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайға қатысты пікір білдіріп, балалар қорғауға алынғанын айтты.
Кейінгі кезде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің қатары көбейіп бара жатыр. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90 пайызға көбейіп кеткен. Былтыр Қазақстанда тұрмыстық зорлықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!