- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ораза - 2024....
Ораза - 2024. Егде жастағы адамға ораза ұстамауға бола ма?
2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталады. Егде жастағы адамға ораза ұстамауға бола ма? Бұл сұраққа Muftyat.kz жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді ораза кәффаратындағыдай тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген:
"Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек".
Ибн Аббас бұны ораза ұстауға шамасы келмейтін үлкен жастағы қария кісі мен қартайған әйел деп түсіндірген.
Підия – (орта есеппен) бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Підияны пітір садақа мөлшерімен есептеуге де болады. Підияны рамазан айының басында немесе соңында беруге болады.
Бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Бұл садақа халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасыға, халі нашар мүгедек жандарға үлестіріледі. Підия беруге жағдайы болмаса, одан да босатылады. Алла Тағаладан кешірім тілейді.
Науқас адам алдағы уақытта созылмалы ауруынан айығып кетсе, әлсіреген адам күш жинаса, үзірі кеткен болып саналады да, берген підиясы жойылады. Яғни бұрынғы оразалардың қазасын өтейді. Өйткені підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өліміне шейін жалғасуы шарт.
Оқи отырыңыз: Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма?
А. Жапатова