Түркістан облысында өрт шыққан ғимараттан туды алып шыққан ер адам оқиға қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Qazaqstan ұлттық арнасындағы "Мың бір түн" бағдарламасында қонақ болған Қансейіт Мұхаммед жергілікті жұмыспен қамту орталығында жұмыс істейді. Ол мұндай жағдайда ойланатын мүмкіндік болмағанын айтады.
"Қарап тұра алмайды екенсің. Ондай уақытта бір минут та ойланбайсың. Қатты түтін мен аяқ жақтан ыстық ұрып жатты. Бірақ бірінші мақсат - Көк туды аман алып қалу болды. Ешқандай жарақат алмадым", - дейді Қансейіт.
Оның айтуынша, бастапқыда жақындары қатты уайымдап кеткен.
"Өрт кезінде ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді алып шықтық. Одан кейін құжаттарды барынша алып шықтық. Бүгінде басшылардың тапсырмасына орай басқа мекемеге көшіп жатырмыз", - дейді Қансейіт Мұхаммед.
Еске салайық, Түркістан облысының тұрғыны өз өмірін қауіпке тігіп, туды өрттен алып шыққаны хабарланған болатын. Видеоны facebook-ке Санат Тоқтаров жариялады.
"Кеше Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы "Халықты жұмыспен қамту орталығында" өрт шықты. Орталық қызметкері Қансейіт Мұхаммед өз өмірін қауіпке тігіп, жанып жатқан ғимарат үстінде ілулі тұрған туды алып үлгерді", - деп жазды Желі қолданушысы.
Өртті сөндіруге барлығы 7 техника, 2 су тасушы және 31 адам жұмылдырылған. Зардап шеккендер жоқ