Инсульт алып, ауруханаға түскен Солтүстік Қазақстан облысы Астрахан ауылдық округінің әкімі Руслан Қабатаев денсаулығы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін БАҚ-та әкімнің инсульт алып, ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған болатын. Сұхбат жарияланғаннан кейін Қабатаевтың ауырып қалғаны белгілі болды. "Обожаю" Youtube-арнасында пайда болған видеодан кейін ауыл әкімінің атына түрлі пікірлер мен сын айтылды.
Tengrinews.kz редакциясы әкім Руслан Қабатаевқа телефон арқылы хабарласты. Ол 26 мамырда облыстық ауруханаға, инсульт орталығына жатқызылғанын айтты. Сондай-ақ, ол ауруханаға не себепті түскенін де түсіндірді.
"Мен қобалжып кеткенмін. Қанша адамның назары ауды... Бірден сол күні де, келесі күні де (сұхбаттан кейін - еск.) прокуратура, аудан, облыс әкімдіктерінен келіп тексерді. Мал-мүлікімнің барлығын, қарындаш пен қаламға дейін санап кетті. Менде бәрі орнында. Мен қатты уайымдадым. Қазір анам да ауырып жатыр, осыған байланысты ол қатты уайымдады, қыздарым қатты жылады", - деді Руслан Қабатаев.
Ауылдық округ әкімі дер кезінде ауруханаға жатқызылғанның арқасында ауыр зардап алмағанын атап өтті.
"Жол полициясы қызметкерлеріне рақмет: олар мені дер кезінде ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер де тез көмек көрсетті, кезекші дәрігер маған қажет дәрі-дәрмекті тамызу туралы тез шешім қабылдады, олар мені о дүниеден аман алдып қалды. Мен сол кезде өмірмен қоштасып жаттым. Қазір ауруханадамын. Мен мұнда алғаш келгендегіден әлдеқайда жақсы болып қалдым. Басым ауырады, әлсіздік бар, әлі жүре алмаймын, көп сөйлей алмаймын. Бірақ бәрі жақсы болады деп үміттенемін", - деді Руслан Қабатаев.
Астрахан ауылдық округінің әкімі бұған дейін денсаулығына шағымданбағанын айтты.
"Жүрегім ешқашан ауырмаған. Мен бұрынғы арнайы жасақтың сарбазымын, жауынгермін, формамен 50 шақырым жүгірдім, денсаулығым жақсы болды. Бұлай болады деп ойламадым, инфаркт, инсульт дегеннің не екенін білмедім. Мен дер кезінде ауруханаға түстім", - деді Руслан Қабатаев.
Айта кетейік, Руслан Қабатаев 40 жаста, ол - Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. 2004 жылы Петропавл жоғары әскери училищесін бітірген. 2022 жылғы наурызда Астрахан ауылдық округінің әкімі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!