“Ол маған авторитет емес“. Сотта Қасымбаевқа қатысты істің егжей-тегжейі айтылды

“Ол маған авторитет емес“. Сотта Қасымбаевқа қатысты істің егжей-тегжейі айтылды
Фото: Видео кадры

Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін сотта прокурор Ерлан Құланбаев адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (жәбірленуші - ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов) және бопсалау (жәбірленуші - Әріпжан Тәжиев) істері бойынша егжей-тегжейлі айыптау актісін оқыды.

Арман Әлімовке қатысты іс

Іс материалдарына сүйенсек, 2021 жылы жазда Арман Әлімовке атыс қаруын қолдану арқылы шабуыл жасалған. Прокурордың айтуынша, Хасан Қасымбаев Әлімовтің "Қасымбаев маған авторитет емес" деген сөзін естіп, оны өзі жазаламақ болған. Бұл үшін ол өз адамдарын тартқан.

Қасымбаевтың нұсқауы бойынша топ мүшелері беттерін медициналық бетпердемен жасырып, Әлімовті дүкеннің маңында күткен. Қалымжанов бірінші болып жәбірленушіге жақындап, амандасу үшін қолын созып, оны құшақтап ұстап тұрған. Осы кезде Ақтанов пен Асқаров Әлімовті ұрған, ол жерге отырып қалған. Содан кейін Әлиев артынан келіп, оның мойнынан ұстап алған. Осыдан кейін Қалымжанов, Ақтанов және Асқаров жәбірленушіні ұра берген, салдарынан ол есінен танып қалған.

Осыған қарамастан Әлиев сыбайластарымен бірге Әлімовті Audi маркалы көлікке салып алған. Осылайша жәбірленушіні ұрлап кеткен.

Жолда шабуылдаушылар оның есін жиғызып, оянған кезде қайта ұрған. Содан кейін көлік Алматы облысы Талғар ауданы Кеңдала ауылынан шығып кеткен. Олар бұл ісін ашық жерде жалғастырған.

Тергеу мәліметтері бойынша Сұлтанбеков пен Асқаров алдын ала дайындалған ағаш және металл биттерді қолданып, дененің әртүрлі бөлігіне, соның ішінде басына соққы берген. Қалған қатысушылар да жәбірленушіні соққыға жыққан. Салдарынан Әлімовтің денсаулығына ауыр зиян келген.

Бұған дейін Ақтанов ұйымдастырушы Қасымбаевпен байланысып, жәбірленушіні әкелгендерін, оны соққыға жыққандарын хабарлаған. Қасымбаевтың нұсқауы бойынша олар не болып жатқанын видеоға түсірген. Көп ұзамай Қасымбаевтың өзі сол жерге Toyota Land Cruiser көлігімен келген. Ол Әлімов ұрланғанына және ауыр жарақат алғанына көз жеткізіп, кетіп қалған.

Айта кетейік, бұл іс бойынша Хасан Қасымбаевтан басқа сотталушылар кінәлі деп танылып, оларға бұған дейін үкім шығарылған.

Бопсалау ісі

Сондай-ақ, прокурор бопсалау ісі бойынша айыптау актісін оқыды. Іс материалдарына сүйенсек, Хасан Қасымбаев жәбірленуші Әріпжан Тәжиев кәсіпкер екенін біліп, оны бопсаламақ болған.

Хасан Қасымбаев бірінші болып екінші жәбірленушінің кеуде тұсына соққы жасаған, соның салдарынан оның тыныс алуы қиындаған. Осыдан кейін Мұқашев оның бүйрегі мен бауырынан бірнеше рет ұрған. Тәжиев қорқып қалғанына көз жеткізген Қасымбаев пен Мұқашев оның жеке дәріханасы жұмыс істеуі үшін ақша талап еткен.

"Содан кейін Қасымбаев, Сыздықжанов және Мұқашев жәбірленуші қарсылық көрсетпейтінін біліп, онымен бірге Талғар, Қонаев көшесі, 96 мекенжайындағы "Тау самалы" кафесіне  келген. Мұнда олар жабық VIP кабина алған. Тәжиев өмірі мен денсаулығына қорқып, олардың талаптарын орындаған", - деп жазылған айыптау актісінде.

Айыптау тарапының айтуынша, осыдан кейін кафенің ішінде Қасымбаев пен Мұқашев жәбірленушінің аяғынан және кеуде тұсынан ұра берген. Кейін жәбірленуші есінен танып қалған. Ал айыпталушылар оның есін жиғызып, 1 миллион теңге талап еткен.

Жағдайы нашарлаған Тәжиев бауырына қоңырау шалып, кафеге келуін өтінген. Біраз уақыттан кейін жәбірленушінің бауыры кафеге келіп, Тәжиевтің өздігінен қозғала алмайтынын көрген. Сол жерде болған Сыздықжановпен бірге ол бауырын көшеге шығарып, көлікке отырғызып, алып кеткен.

Хасан Қасымбаев туралы не белгілі?

Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін жиі айтыла бастады.

Еске салайық, бұған дейін Хасан Қасымбаев 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысын ұрлап, соққыға жықты деген күдікке ілінгені хабарланды. 

Үш жыл бұрын болған қылмыс видеоға түсіп қалған. Жазбада жәбірленуші, яғни ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімов екені жазылған. Оның туыстарының сөзінше, ер адам алдымен "Виктория" шағын маркетінің жанында соққы жеп, артынша ес-түссіз күйде Кеңдала ауылындағы канал жақтан табылған. Содан кейін ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен.

Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталды. Кейін екі айға қамауға алынды.

2025 жылы 21 сәуірде Хасан Қасымбаевқа қатысты істі тергеу аяқталды. 

2025 жылы 29 шілдеде Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жолданды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget