"Обал жасаған екен". Әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай оқудан шығып қалған

"Обал жасаған екен". Әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай оқудан шығып қалған
Фото: olympic.kz

Ташкентте өткен әлем чемпионатында әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай бірінші курста оқуынан шығып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист Ғалым Қожабек Facebook-парақшасында жазды. Ол Санжармен ұшақта кездесіп қалған. 

"Бүгін Ташкенттен оралдық. Бір апта әлем чемпионатын көрдік. Құдайға шүкір, 5 жігітіміз: Санжар Тәшкенбай (48 келі), Сабырхан Махмұд (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) әлем чемпионы атанып, Дулат Бекбауов (67 келі) күміспен күптеліп, төрткүл дүниенің алдында абыройымыз көтеріліп қайттық. Ташкент-Астана бағытында ұшқан ұшаққа мініп, орныма жайғасқаным сол еді, жаныма келіп Санжар Тәшкенбай жайғасты. Содан Астанаға жеткенше біраз әңгімелестік. Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқыған Санжар 17 жасында бокстан Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионы атанды. Әңгіме барысында бір әттеген-айы бар екенін де айтып қалды", - дейді журналист.

Фото: Olympic.kz

Журналист Санжардан қайда оқитынын сұраған.

"Ол болса "Ешқайда оқымаймын, 2021 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түскен едім оқытушы-жаттықтырушы мамандығына. Бірақ оқуым ұзаққа бармады, бірінші курстың ортасынан бастап стипендиямды алып тастады, одан кейін сабаққа белсенді қатыспағаным және жазғы практикаға қатыспағаным үшін оқудан шығып қалдым. Ақылы оқуға ауысайын десем қаражат жетіспейді, үйде менен басқа бес бала бар, әкем қарапайым таксист, анам үй шаруашылығынан босамайды. Бұл кездері мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатына қызу дайындық жүргізіп жүргенмін. Тынымсыз жаттығуларымның арқасында екі жарыста да чемпион болдым. Ал 2022 жылы ересектер арасындағы чемпионатта чемпион атандым. Бірақ оқуымнан шығып қалдым, соған өкінемін, аға" деп көңілінде жүрген бір кірбіңін білдірді", - дейді Ғалым Қожабек.

Алайда Санжар жоғары білім алғысы келетінін жеткізген. 

"Енді не істейсің десем, "Көкшетаудағы педагогика институтына баратын шығармын, спорт өмір бойы серік болмайды ғой..." деп отыр кеше ғана әлемді мойындатқан Санжар чемпион. "Санжар бұл жағдайды жүрегіңе жақын алма, бір жөні болар, сен енді осы күздегі Азия ойындары мен алдағы жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарын ойла!", - дедім өзімше тілеуқор көңілмен, алтын медалін алақанында ұстап отырған, қазақтың абыройын аспандатқан Тәшкенбайға. Оқығысы келетін балаға қарап ойланып қалдым...", - дейді журналист. 


Фото: Olympic.kz

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өкілдері бұл жайтқа қатысты жауап дайындап жатқандарын айтты. 

Желі қолданушылары бұл жайтқа наразы болған. 

"Бұрын ел намысын қорғап жүрген студент жастарға кеңшілік жасалатын. Обал жасаған екен... Түсіністікпен қарап, оқудан шығармағанда "Біздің бала чемпион" деп мерейлері өсіп, бөріктерін аспанға атып отырар ма еді?.. Оқып, мамандық алғаны дұрыс, бүгін чемпион болғанмен болашағыңды өзің ойлайтын заман. Кеше біреу өзбектің Ойбек батыры Мәскеуде үй салып жүрген жұмысшы деп келеке етіп отыр еді осында... Біздің елдің де спорттағы батырларын жарылқап тастамағаны белгілі".

"Санжарға айтарым, бес жыл бойы табиғи талантыңды жебедей жонып, үшкірлеп кәсіпқой боксқа барғаның дұрыс. Атақты әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварестің бокс залында қазақ жігіттері соның бапкерінің қарамағында жаттығуға қатысады. Білімнің тасын кемірем десең әлемдегі ең үздік университеттерде қалаған мамандық аласың. Кәсіпқой боксшының қаражат мүмкіндігі өзіңе шертіп жүріп сол университеттердің біреуіне түсіп оқуға мүмкіншілік береді. Сол кезде оқудан шығарып жіберген жергілікті колледж тұрмақ, ұлттық университеттер сені іздеп білім-беруші, тәрбиеші ретінде болуға ұсыныс береді".

"Сразу ректорға звандап мәселесін шешуге көмек бергенде ғой".

Қытайда болса, мұндай мықты түлектің мемлекетке абырой әкелгені үшін барлық сабақтан босатады. Жүріп-тұруына еркіндік береді. Уақты толғанда дипломын қолына береді. Ал біз ше?", - дейді Желі қолданушылары.  

Еске салайық, 13 мамырда Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына жалпы төрт алтын, бір күміс медаль түсті. 

Жартылай ауыр салмақтағы Нұрбек Оралбай 2023 жылы Ташкентте өтіп жатқан Әлем чемпионатында Қазақстанға алтын сыйлады. 80 келі салмақ дәрежесінің финалында 22 жастағы Нұрбек Оралбай Қытайдан келген этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен кездесіп, төреші шешімімен жеңіске жетті. Бірінші раундта жеңіс Нұрбек Оралбайға берілді (4:1). Екінші раунд та тартысты өтті, бұл жолыда  қазақстандық тағы да жеңіске жетті (3:2).

2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының алғашқы жеңімпазы 19 жастағы Санжар Тәшкенбай (48 келіге дейін) атанды.

Тағы бір алтынды 21 жастағы Махмұд Сабырхан (54 келіге дейін) алса, 2023 жылғы әлем чемпионатының күмісін 28 жастағы Дулат Бекбауов (67 келіге дейін) иеленді.

Қазақстанға тағы бір жеңісті 29 жастағы Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін) әкелді, ол өзбекстандық қарсыласымен тартысты жекпе-жекте жеңіске жетті. Ал отандасымыз Дулат Бекбау күміс медаль иеленді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина