Бүгін Самат Әбішке қатысты тергеу аяқталғаны белгілі болды. Енді іс сотқа жіберілді. Massaget.kz тілшісі Самат Әбіш туралы не белгілі екеніне шолу жасады.
Самат Сатыбалдыұлы Әбіш 1978 жылы Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген. Ол - тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың Сатыбалды есімді туған інісінің ұлы.
Ал Самат Әбіштің туған ағасы - Қайрат Сатыбалдыұлы. Ол да істі болып, 6 жылға сотталған еді. Қазір оның үстінен тағы бір іс қозғалып жатыр.
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты кітабында інісі Сатыбалды, оның ұлы Қайрат туралы айтқан еді. Алайда кітапта Самат Әбіш туралы сөз болмады. Ашық дереккөз мәліметтерінде Самат пен Қайрат екі ағайынды екені ғана айтылады. Самат Әбіш үйленген, балалары бар.
"Бір құрсақтан үш ұл, бір қыз едік. Едік дейтінім - артымнан ерген Сатыбалды деген інім көлік апатынан ерте, 34 жасында қайтыс болып кетті. Көп күттіріп, менен кейін жеті жылдан кейін туған бала еді. ...Одан кейінгі - Әнипа деген қарындасым. Сатыбалды екеуі мен Қарағандыда жүргенде қолымызға келіп, біраз болды, оқыды. ... Қ.Сатыбалдының жолсыздықтары жөнінде көп айтылды. Жалындап тұрған жігіт күнінде, 1981 жылы көлік апатынан қайтыс болған туған бауырым Сатыбалдының ұлы Қайратты әкесіндей қамқорлық жасап өсіріп едім", - деп жазылған кітапта.
Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Самат Әбіш 2000 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын бітіріп, кейін 2002 жылы Ресейден заңгер мамандығы бойынша білім алып келген.
Деректерде оның мемлекеттік қызметке келуі де осы 2000 жылдардан басталғаны айтылады. 2000-2006 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінде офицерлік құрамда қызмет атқарса, ал 2006-2008 жылдары Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, 2008 жылдан 2010 жылғы қаңтарға дейін Әділет министрлігінің жауапты хатшысы, 2010 жылғы қаңтардан 2011 жылғы қарашаға дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадрлар департаментінің бастығы, 2011 жылғы қарашадан 2013 жылғы наурызға дейін Астана қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы болған. 2013 жылғы наурыздан 2015 жылғы 25 желтоқсанға дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, 2015 жылғы 25 желтоқсаннан бастап ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болды.
Деректерде оның бірнеше марапаты бары да айтылады: "Даңқ" ордені, "Ерен еңбегі үшін", "Мінсіз қызметі үшін" медалі, т.с.с.
Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы 17 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самат Әбішті ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатты.
Ал кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі бұрынғы орынбасар Самат Әбіш тергеу орбитасында екенін айтты.
"Самат Әбіш те тергеу орбитасында. Ол куәлік береді, оның мәртебесін білмеймін. Ол Қазақстанда. Мен оны өзім көрмедім. Менің ойымша, тергеу жүріп жатыр, ол осында болуы тиіс. Экс-төраға, оның үш орынбасары және тағы 4 департамент бастығы - Қызылорда, Алматы, Алматы және төртіншісі - бесінші департаменттің бұрынғы бастығы (қазір тергеуде - еск.)", - деген еді Амерханов.
2022 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш Кәрім Мәсімовтің және басқа да айыпталушылардың ісі бойынша тергеуден өтті. Бұл кезде Самат Әбіш тек куәгер екені және оған қатысты қылмыстық іс қозғалмағаны айтылды.
"С.Әбішке қатысты қылмыстық істерді Ұлттық қауіпсіздік органдары тіркемеді, бұлтартпау шарасы таңдалмады", - деді ҰҚК баспасөз қызметі өкілдері.
Кейінірек бас прокурор Берік Асылов та Самат Әбіш тек куәгер екенін айтты.
"Ондай ештеңе жоқ, одан жай ғана куәгер ретінде жауап алынды", - деп жауап берді ол.
2023 жылы тамызда қазақстандық басылымдарда Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің тұрып жатқан жері туралы ақпараттар тарады.
DALA INSIDE Telegram-арнасы сол кезде экс-шенеунік тыныш қана Түркияда тұрып жатқанын жазды.
2023 жылы Алматыда өткен Қаңтар оқиғасына қатысты сотта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов шулы мәлімдеме жасады. Сол кезде сотталушы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Самат Әбіштің бұйрығын орындағанын жеткізді. Руслан Ысқақов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-департаментінің бастығы болған.
"Мен берген куәлік құпия болып қалды... Әбіштің бұйрығын орындадым деп айтуыма тыйым салмақ", - деді Ысқақов сотта.
Былтыр қыркүйекте Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты тергеп-тексеруді бастағаны белгілі болды.
"Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр", - деп жазылды хабарламада.
Бұл кезде тергеудің өзге де деректері жария етілмеді.
Сонымен қатар, Бас прокуратура өкілдері Самат Әбіш Қазақстанда екенін айтты.
"Самат Әбіш Қазақстанда, ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі өкілі.
Сонымен қатар, жауапты орган өкілдері Самат Әбіш шетелге қашып кетпей ме деген сұраққа "қашып кетпейді", - деп жауап берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!