- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұржан Әлтаев Абылай...
Нұржан Әлтаев Абылай Мырзахметовтен пара алды деген күдікке ілінді
Антикор Нұржан Әлтаевқа қатысты жаңа дерек жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
7 маусымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстады.
Нұржан Әлтаев еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі түрде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді.
2018-2020 жылдар аралығында жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол Абылай Мырзахметовтің мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, көмек көрсеткен.
Нұржан Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Еске салайық, кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұржан Әлтаевтың аса ірі көлемдегі пара алды деген күдікпен ұсталғанын растады. Кейін оның ұсталған сәтінен видео тарады.
2020 жылғы қарашада Әлтаев партияның беделін түсіргені үшін "Нұр Отан" (қазіргі Amanat) партиясынан шығарылған еді. Нұржан Әлтаев Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болды, сонымен қатар, аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі болды.
Ал 10 мамырда "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовтің ұсталғаны хабарланған еді.
Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінді. Ол Астана полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек