Нұрайдың өліміне қатысты іс: сарапшылар сотта тосын мәлімдеме жасады

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. 11 тамызда сотта Алматыдағы Сот сараптамасы институты мамандарынан жауап алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейінгі сот отырысында айыпталушы 2019 жылы басынан жарақат алғаннан кейін психикалық бұзылыс пайда болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Нұрайға 35 рет пышақ сұққанын есіне түсіре алмайды, себебі сол кезде "аффект жағдайында" болған.

Сотта алғашқы болып айыпталушыны тексерген сарапшы психиатр Темірлан Сейтек сөз сөйледі. Ол ер адамда психикалық ауытқу бар екенін растады, бірақ бұл оның өз іс-әрекетін түсінуіне және бақылауына кедергі болмаған.

"Оның диагнозы - "аралас мазасыз ойлар мен әрекеттер" (обсессивті-компульсивті бұзылыс). Халықаралық аурулар классификациясына сәйкес бұл F42.2 кодымен белгіленеді. Бұл оны өз іс-әрекетінің мәнін толық сезіну және оған жауап беру қабілетінен айырмайды. Ол жасаған әрекетінің қылмыстық сипатын түсіне алған", - деді сарапшы.

Маманның айтуынша, бұл бұзылыс қылмыс жасалған сәтте айыпталушының мінез-құлқына әсер етпеген. Сарапшы "айыпталушы не болып жатқанын түсінген және өз іс-әрекетін басқара алатын күйде болған" деген қорытындыға келді.

Сотта келесі болып сарапшы психолог Күләш Қожамжарова жауап берді. Ол кісі өлтіру кезінде айыпталушы аффект жағдайында болмаған деген қорытындыға келген.

"Аффект жағдайын анықтау кезінде үш фазаны қарастырамыз. Әрқайсының өз критерийлері бар. Белгілер толық болмағандықтан, біз оның аффект жағдайда болмағаны туралы қорытындыға келдік", - деп түсіндірді Күләш Қожамжарова.

Осылайша, психологтар мен психиатрлардың кешенді сараптамасы Ш. А.-ның қылмыс кезінде ақыл-есі дұрыс болғанын және өз іс-әрекетіне жауап бере алғанын анықтаған.

Мән-жайы

Бұл іс бойынша айыпталушы - 28 жастағы Ш.А. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып отыр:

  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы - "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
  • 125-1-бап - "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
  • 115-1-бап - "Сталкинг".

Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылы жазда айыпталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда алып қашып кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайта алып кеткен.

Тергеу дерегі бойынша ер адам қыздың қыр соңынан қалмаған, бірнеше күн ішінде оған 154 шақты қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.

2026 жылы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйінің маңында ер адам оған 35 жерден пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!