Нұрайдың өліміне қатысты іс: айыпталушының әкесі сотта жауап берді

Нұрайдың өліміне қатысты іс: айыпталушының әкесі сотта жауап берді
Фото: марқұмның жақындары ұсынған

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта айыпталушының әкесі А.М. түсініктеме берді. Ол 5 қазанда таңертең ұлы үйіне қызбен келетінін алдын ала ескерткенін айтты.

"Мән-жайды бірден түсінбей, оған WhatsApp-тан жаздым. Кейінірек, сағат 13:50-де ұлым байланысқа шықты. "Қыз сенімен өз еркімен келе жатыр ма?" деп сұрадым. Ол: "Иә" деп жауап берді. Содан кейін дайындық жасау керек екенін айтып, сағат екілер шамасында туыстарыма хабарладым", - деді ол.

Оның сөзінше, сағат 16:30 шамасында жастар Шымкенттегі үйге келген. Айыпталушының әкесі Нұрайға бірден орамал салынбағанын айтты.

"Алдымен оның келісімін алуды жөн көріп, үйге кіргіздік. Қонақ бөлмеде Ш., Нұрай, ұлдарым мен келінім болды. Сол жерде қыздың келісімін сұрап, қолхат жазып беруін өтіндік. Ол жолдан шаршағанын, жуынып, киім ауыстырып алғысы келетінін айтты. Содан соң оларды қарындасым және балалармен бірге ауылдағы үйге жібердім", - деді айыпталушының әкесі.

Оның сөзінше, сағат 19:30 шамасында Нұрай той басталып кеткен үйге қайта оралған. Көп ұзамай оның ағалары келген. Айыпталушының әкесінің айтуынша, ағалары қарындасын бірден алып кетпек болған, алайда Нұрайдың ата-анасының шешімін күте тұруды сұрағаннан кейін қыз "қарсылықсыз бөлмеге қайта кірген". Бұл кезде қыздың ағалары полиция шақырған.

Сондай-ақ, А.М. Нұрайдың ағаларына күш көрсетілгенін жоққа шығарды. Ал бұған дейінгі сотта марқұмның ағалары мүлдем басқаша мәлімдеген болатын. Олардың сөзінше, айыпталушының туыстары агрессивті мінез-құлық көрсетіп, оларды итеріп, жан-жаққа ажыратуға тырысқан.

Мән-жайы

Бұл іс бойынша айыпталушы - 28 жастағы Ш.А. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып отыр:

  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы - "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
  • 125-1-бап - "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
  • 115-1-бап - "Сталкинг".

Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылы жазда айыпталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда алып қашып кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайта алып кеткен.

Тергеу дерегі бойынша ер адам қыздың қыр соңынан қалмаған, бірнеше күн ішінде оған 154 шақты қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.

2026 жылы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйінің маңында ер адам оған 35 жерден пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Massaget.kz жаңалықтар сайты (@massaget.kz)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget