Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 28 шілдеде өткен сот отырысында айыпталушы қайғылы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айыпталушы - 28 жастағы Ш.А. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып отыр:
Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылы жазда айыпталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда алып қашып кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайта алып кеткен.
Тергеу дерегі бойынша ер адам қыздың қыр соңынан қалмаған, бірнеше күн ішінде оған 154 шақты қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.
2026 жылы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйінің маңында ер адам оған 35 жерден пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.
Сот отырысы кезінде Ш.А. өз нұсқасын айтты. Ол алып қашу туралы айыпты жоққа шығарып, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Нұраймен романтикалық қарым-қатынаста болғанын айтты. Оның сөзінше, қыз отбасын құру үшін Шымкентке өз еркімен баруға келіскен, алайда оның туыстары қарсы болған.
Айыпталушының айтуынша, ол қызға сөз салған, ал ол ұсынысты қабылдаған.
Айыпталушы сталкинг дерегін де жоққа шығарды және айыптау актісіндегі жүздеген телефон қоңырауы қайдан шыққанын түсінбейтінін мәлімдеді. Ол бұл автоқоңырау болуы мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, Нұрай оны Алматыға шақырған, бірақ ол келген кезде өзі Шымкентке, үйіне кетіп қалып отырған.
"Нұрай мені Алматыға өзі шақырды. Оны туған күнімен құттықтауға келгенім есімде, бірақ ол мені мазақ етті. Мен келгенде, ол үйіне кетіп қалатын. Бұл жағдай үш рет қайталанды. Мұның бәрі мені ұзаққа созылған психологиялық күйзеліске ұшыратты. Оның маған осылайша әдейі қорлық көрсеткісі келгенін түсіндім. Оны ешқашан аңдыған емеспін", - деді айыпталушы.
Ол 11 қаңтардағы оқиға туралы баяндап, Нұраймен қарым-қатынасты үзу және оған сақинасын қайтарып беру үшін кездесуге келгенін жеткізді.
Айыпталушының сөзінше, қайғылы оқиға болған күні қолында екі пышақ болған. Ол Нұраймен кездесер алдында көліктің затсалғышынан оларды кездейсоқ тауып алғанын, қолына ұстап көріп, кейін қалтасына салып, ұмытып кеткенін айтты.
"Затсалғышты ашқанымда екі пышақ көрдім - үлкен аңшы пышағы және жиналмалы пышақ. Оларды толстовкамның алдыңғы қалтасына салдым, кейін телефон қарап отырып, олар қалтамда қалып қойғанын байқамай қалыппын", - деді айыпталушы.
Ш.А. айырылысу туралы әңгімеден кейін Нұрай ашуланғанын, оны балағаттап, ұра бастағанын, содан соң бірінші болып пышақ салғанын айтты.
"Оған сақинаны беріп, "Айырылысайық. Сенімен сөйлесуге де, кездесуге де ешқандай құлқым жоқ" дедім. Ол сақинаны лақтырып жіберіп, менің кеудемнен ұрып, балағаттай бастады. Сол кезде қалтамдағы жиналмалы пышақты сезіп, оған: "одан да мені пышақпен ұр" дедім. Ол пышақты алып, сол қолымен оң тұсыма пышақ тыққан кезде артқа шегініп қалдым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ", - деді ол.
Жауап алу кезінде Ш.А. 2019 жылдан бастап басынан алған жарақатынан кейін психикалық аурумен ауыратынын, сондықтан Нұрайға қалай пышақ жарақатын салғаны есінде жоқ екенін айтты.
"Сарапшылар маған "аралас мазасыз ойлар мен әрекеттер" диагнозын қойды. Мұның бәрі 2019 жылы бассейнге секіріп, басымды бетонға соғып, жарақат алғаннан кейін басталды. Содан бері менде осындай ұстамалар болып тұрады. Бұрын да жүріп-тұрып, ештеңе есімде қалмайтын кездер болған", - деді айыпталушы.
Ол сөзінің соңында қаза тапқан қыздың ата-анасы мен туыстарынан, өзінің де жақындарынан және барша халықтан кешірім сұрады. Сот процесі жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!