Нұрайдың өліміне қатысты іс: апелляция не шешті?

Нұрайдың өліміне қатысты іс: апелляция не шешті?
Фото: Видео кадры

Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша сотталған Шерхан Аймаханға қатысты үкім заңды күшіне енді. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шерхан Аймаханға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін қандай үкім шықты?

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот үкімімен Шерхан Аймахан кінәлі деп танып, оған қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталғаннан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян ретінде 25 млн теңге және адвокаттың қызметі үшін 5 млн теңге өндірілді.

Апелляциялық шағым түскен

Үкіммен келіспеген жәбірленушінің және сотталғанның адвокаттары апелляциялық тәртіппен шағым түсірген. Жәбірленуші тарап өз шағымында моральдық зиянды 25 млн теңгеден 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды сұраған.

Сотталғанның адвокаттары өз шағымдарында үкімді өзгертіп, Шерхан Аймаханды ҚК-нің 125-1-бабы 1-бөлігі бойынша (сталкинг) ақтауды, ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша (адам өлтiру) кінәлі деп танып, оған әділ жаза тағайындауды сұраған.

Прокурор үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот шешімі

Сот алқасы қылмыстық  істі қарап, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісті. Үкім өзгеріссіз қалды. Сот актісі заңды күшіне енді.

Мән-жайы

Тергеу мәліметінше, 2025 жылы жазда айыпталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда алып қашып кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайта алып кеткен.

Тергеу дерегі бойынша ер адам қыздың қыр соңынан қалмаған, бірнеше күн ішінде оған 154 шақты қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.

2026 жылы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйінің маңында ер адам оған 35 жерден пышақ жарақатын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Massaget.kz жаңалықтар сайты (@massaget.kz)

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget