"Нокаутпен жеңілген". Әлімханұлы - Бентли жекпе-жегіне қандай болжам айтылып жатыр?

"Нокаутпен жеңілген". Әлімханұлы - Бентли жекпе-жегіне қандай болжам айтылып жатыр?
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Тура бір айдан кейін Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жекке шығады. Қарсыласы ұлыбританиялық Дензел Бентли болады. Жәнібек алғаш рет орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын сарапқа салады. Massaget.kz тілшісі сарапшылардың бұл кездесуге қандай болжам жасағанын жинап шықты.

Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы кім десеңіздер, Дензел Бентли туралы материал дайындаған едік.

"Ұстап алса, жібермейді"

Америкалық Delcotimes.com сайтының журналисі Джек МакКаферри Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында алдағы жекпе-жектің фаворитін атады. 

"Әлімханұлы өз титулын адал жеңіп алды. Енді ол өз жетістігін қорғауы керек. Ол - жекпе-жектің айқын фавориті.

Бентлидің тамаша командасы мен статистикасы бар, бірақ ол бір рет жеңіліп қалған. Оның үстіне жеңіліс мерзімінен бұрын болды. Әлімханұлы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай алатынын білеміз. Оның қанішер инстинкті бар. Қарсыласын ұстап алса, жібермейді. Ол титулын сәтті қорғайды деп ойлаймын", - деді МакКаферри.

"Солақай Жәнiбек тым мықты"

Boxingnews24.com журналисі Крейг Пейдждің пікірінше, "Жәнібек сияқты талантқа қарсы кездесуде Бентлидің мүмкіндігі жоқ". 

"Әрине, Бентли - жеңіліп көрмеген Әлімханұлына титулын алғашқы қорғаудағы өте нашар таңдау, бірақ ол қазақстандықтың WBO белбеуіне таласқысы келген жалғыз боксшы болуы мүмкін.

Солақай Жәнiбек тым мықты, сондықтан ол WBC чемпионы Джермалл Чарлоға немесе IBF және WBA титулының иегерi Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жек өткізудің орнына белбеуін Бентлиге қарсы кездесуде қорғауға мәжбүр", - делінген мақалада.


Фото: Instagram/janibek_qazaqstyle

"Жекпе-жек қызық бола қоймас"

Америкалық Badlefthook.com порталында да осы жекпе-жек туралы материал шыққан. Авторы бұл кездесу қызық бола қоймайды деп топшылап отыр.

"Әлімханұлы орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы ретінде алғаш рет жұдырықтасады. Бұл рейтингтің 14-нөмірі, Ұлыбритания чемпионы Бентлиге қарсы ерікті қорғау болады. Мұндай жетістікке қарамастан, Бентли 2021 жылы сәуірде Феликс Кэштен нокаутпен жеңілгені әлі ұмытылған жоқ. Сондықтан алдағы жекпе-жек қызық бола қоймас", - деп жазылған мақалада.


©twitter.com/qazaqstyle

Әлімханұлы енді не істеуі керек?

Жәнібек Бентлиге қарсы кездесуде айқын фаворит саналады. Көптеген сарапшы жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталады деп ойлайды. 

Бұл жекпе-жек Жәнібекке өзі айтпақшы "оңай шаруа" болуы керек. Ал 2023 жылы қазақстандық боксшыға үлкен деңгейдегі жекпе-жектер қажет.

@massaget.kz #бокс#қазақстан#ұлыбритания#рек#казахстан#великобритания#kazakh#english#жәнібекәлімханұлы#хочуврек ♬ оригинальный звук - Massaget.kz

Бокс шолушылары Жәнібекке мексикалық Хайме Мунгиямен жұдырықтасуға кеңес беріп жүр. Мунгия қазір орта салмақта WBO рейтингінде көш бастап тұр. Екі тараптың промоутерлері де жақсы қарым-қатынаста. Сондықтан егер боксшылар жұдырықтасуға келіссе, жекпе-жекті ұйымдастыруға ешқандай бөгет жоқ. 

Америкалық шолушы Крейг Пейдждің пікірінше, Top Rank басшысы Боб Арум Жәнібекті Геннадий Головкиннің ізімен келе жатқан ұлы талант деп санайды. Бокс шолушысының ойынша, Жәнібек әлем жұлдызы болуы үшін Головкин секілді жылына 5-6 рет рингке шығуы керек.

Расын айтқанда, орта салмақта қазір атақты боксшы аз. Негізгі төрт белбеудің екеуі қазір Геннадий Головкинде. Әлімханұлы GGG-мен жұдырықтаспайтынын айтқан. WBC белбеуі Джермалл Чарлода. Бірақ Чарло қазір Головкинмен қолғап түйістіруді ойлап жүр.


Фото: AS

Одан бөлек орта салмақта доминикандық Карлос Адамес пен Эрисланди Лара бар. Бірақ олар да Жәнібекпен кездесуді ойлап жүрмеген сияқты. 

Қазір Жәнібек Әлімханұлы секілді тағы бір проспект орта салмақты шулатып жатыр. Бұл - ұлыбританиялық Хамза Шираз (16-0, 12 KO). Ширазды промоутері "орта салмақтың жаңа жұлдызы" деп атаған. Жазда Әлімханұлы мен Шираз жекпе-жегін көргісі келетіндер көп еді. Әлі де кеш емес, 2023 жылы бұл кездесуді көріп қалуымыз әбден мүмкін. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш