Жәнібек Әлімханұлынан әлем чемпионы атағын кім тартып алмақ?

Жәнібек Әлімханұлынан әлем чемпионы атағын кім тартып алмақ?

12 қарашада қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы алғаш рет орта салмақтағы WBO белбеуін қорғайды. Оның қарсыласы ұлыбританиялық Дэнзел Бентли болады. Massaget.kz тілшісі қазақстандық боксшының келесі қарсыласы туралы мәліметтер жинады.

АҚШ-қа алғаш баруы

Дэнзел Бентли Ұлыбритания астанасы Лондонда туған. Қазір сол Лондонның оңтүстігіндегі Баттерси ауданында тұрады. Жасы - 27-де. Әлімханұлынан екі жасқа кіші. Бокстағы лақапаты - 2 Sharp. 

Кәсіпқой боксқа Жәнібектен бір жылға кеш келген. Алғашқы кездесуін 2017 жылы 22 жасында өткізіпті. Қарсыласы да ұлыбританиялық болған - Бентли бұған дейін 33 рет жеңілген Кейси Блэрді нокаутқа түсірген. 

Осы бес жыл ішінде Бентли рингке 19 рет шыққан. Барлық кездесуін Ұлыбритания аумағында өткізіпті. Алғашқы 13 қарсыласын сенімді жеңген. Көбінен мерзімінен бұрын басым түсіпті.


©QUEENSBERRY PROMOTIONS

2020 жылы алғаш рет жеңіске жете алмады. Отандасы Марк Хеффронмен тең түсті. Сол жылы боксшылар екінші рет жұдырықтасып, Бентли жеңіске жеткен. Сол кезде орта салмақта BBBofC British титулын иеленген еді.

Былтыр Бентли алғаш рет жеңіліп қалды. Ол кезде де отандасымен жекпе-жек өткізген. Феликс Кэш Бентлиді үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңген. 


Фото: BoxingScene

Сол жеңілістен кейін ұлыбританиялық боксшы рингке үш рет шықты. Үшеуінде де жеңіске жеткен. Кейінгі кездесуінде биыл қыркүйекте отандасы Маркус Моррисонды техникалық нокаутпен жеңген. 

Жалпы айтқанда, Дэнзел 17 жеңісінің 14-ін мерзімінен бұрын аяқтапты. Қазір ол BBBofC British Middleweight титулына иелік етеді. Ал WBO рейтингінде 14-орында тұр.

Боксшылар не дейді?

Кездесу туралы ресми хабарланғаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады. 

"Көп боксшы қашып жатқан кезде жекпе-жекке келіскен Дэнзел Бентлиге құрметімді көрсетемін. Лас-Вегастағы The Palms-та әлем чемпионы титулын қорғау үлкен құрмет. Әлемге "қазақ стилі" деген не екенін тағы да көрсетемін", - деді Әлімханұлы.

Әлімханұлы қара көзілдірік киіп келуге кеңес берген, "өйткені мен жарқырап тұрамын" деп жазды ол Twitter-де. 

Дэнзел Бентли болса, Әлімханұлын неге бәрі қорқынышты деп санайтынын түсінбейді. 

"Бұл әсерлі жекпе-жек болады. Мен бұл кездесуде жеңіске жете аламын деп ойлаймын. Онда неге сол жаққа барып, Лас-Вегас театрынан ләззат алып, әлем чемпионы титулымен оралмасқа? Оны жеңе алатыныма сенемін. Бәрі ол қорқынышты екенін айтады, бірақ мен оны көрген жоқпын. Бір нәрсе байқамай жүрген шығармын. Бәрін рингте көреміз", - деп келтірді Бентлидің сөзін BoxingScene


Фото: boxingnewsonline.net

Промоутерлер не дейді?

Әлімханұлының промоутері Боб Арум алдағы жекпе-жек туралы көп сөйлеген жоқ. 

"Жәнібек - орта салмақта әлем үздігі. Бұл жекпе-жек ұзақ әрі табысты чемпиондықтың басы болады", - деді Арум.

Ал Бентлидің промоутері Фрэнк Уоррен болса, клиентінің жеңісіне сенімді. 

"Дэнзел Бентли азулы чемпион Жәнібек Әлімханұлынан орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын тартып алатынына сенеді. Дэнзелге бұл ұлыбританиялық чемпион атағынан Лас-Вегас аренасындағы басты рольге ауысу үшін керемет мүмкіндік", - деді Уоррен.

Еске салайық, Әлімханұлы мен Бентли жекпе-жегі 12 қарашада Лас-Вегастағы Palms Casino Resort аренасында өтеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш