- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Несие алып, өз...
"Несие алып, өз қаражатыма жасаттым" - Назарбаевтың "құлап бара жатқан" инсталляцияның авторы
Желіде Назарбаев "құлап бара жатқан" инсталляцияның видеосы тарады. Инсталляция Алматы қаласында Ербосын Мелдібековтің "Боран-Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолының арасы" жеке көрмесінде қойылған. Massaget.kz тілшісі көрме кураторы және суретшімен хабарласып, сұхбаттасты.
Инсталляцияның авторы суретші Ербосын Мелдібеков Назарбаевқа ешқандай қарсылығы жоқ екенін айтты.
"Қаңтар оқиғасы" құрбан болған азаматтар елімізді Беларуссия болудан сақтап қалды. Егер Беларуссия сияқты болып қалсақ, Қазақстанның тағдыры бітетін еді. Қазір Қазақстан өте қиын жерде тұр. Туындыны көріп, біреулер "Назарбаев саған не істеді?" деп жазып жатыр. Ол маған ештеңе істеген жоқ. Үш секунд ішінде Талдықорғанда мүсін құлады ғой. Соның әр сәтін созып, мен 5-ке бөлдім. Оның ішінде мен болмадым. Бұл - өнер туындысы ғана. "Көп отырсаң сен де құлайсың. 30 жыл билікте боласың, бірақ бір сәтте бәрі де кетеді" дегенді айтқым келді. Билікке, Назарбаевқа да қарсылығым жоқ. Саясатты еш түсінбеймін. Хайп қуатын болсам, онда мен өзімді суретші деп айтпас едім.Бұл ешқандай да хайп емес, жай ғана өнер туындысы", - деді ол.
Жалпы бұл көрмені өткізуге демеушілер көмектескен.
"Ал осы инсталляцияны өз қаражатыма жасаттым. Өте көп қаражат кетті. Несие алдым, қарыз сұрадым. Оның сомасын айтсам, жолдасым ренжиді. Онсыз да жылап отыр. Бірақ жасамасқа болмады. Досым дегендер ақша бермеді. Дайындалуына үш ай уақыт кетті. "Қаңтар оқиғасынан" соң шабыттанып, идея ойыма келді. Толықтай мыстан жасалған. Мұны жасауға інім, достарым көмектесті. Кейбір жерін дайындауға тағы да 4-5 шебер шақырттым. Қазір көп адам маған шабуылдап жатыр. Бұған өнер туындысы деп қарауды сұраймын", - деді ол.
Инсталляция Әскери мәжіліс үйінде орналасқан. Көрме кураторы Дастан Қожахметовтің айтуынша, бұл туындыда қазақстандық шындық көрсетілген.
"Біздің бұл жолғы көрме өзге көрмелер секілді өнердің бір көрінісі. Көрме Орталық Азияның тағдыры мен тарихына арналған. Біз "Боран-Байқоңыр" идеясымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Соңғы екі жылда осыны жасап шығардық. "Автордың құлауының бес нұсқасы" инсталляциясының идеясы - қазақстандық шындықты көрсетті. Бұл мүсін мыспен араластырып жасалған. Сапалы өнер туындысын жасау негізгі мақсатымыз болды. Туынды бір ескерткіштің тағдыры туралы ойлардан туындады", - деді ол.
Сондай-ақ, ол көрмеге Нұрсұлтан Назарбаевты шақырмағанын айтты.
"Назарбаевты бұл көрмеге шақырмадық. Егер келем десе, есігіміз ашық. Көрмедегі екі жұмысымыз ғана оған арналған. Инсталляция көпшілікті таңғалдырып жатқанынан білеміз. Егер осы туынды арқылы көрмеміз танымал болса, біз қуаныштымыз",- деді ол
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы