Не үшін ерніңіз ағарып тұрады?

Не үшін ерніңіз ағарып тұрады?
Фото: pixabay.com

Ерні ағарып тұрған адамға көпшілік "бұл анемияның белгісі" деп айтады. Еріннің бозарып кетуі - шынымен де анемияның бір белгісі. Алайда ерін ағаруының басқа да себептері бар.

Анемия

Еріннің ағарып кетуі темір жетіспеушілігінің және анемияның белгісі болуы мүмкін. Оны қаназдық деп те атайды, себебі анемия кезінде гемоглобин мен қызыл қан түйіршіктер деңгейі азайып кетеді. Анемиядан тек тері емес, ерін де бозарып кетеді. Кейде тіпті көгеріп тұруы да мүмкін. Жиі анемиямен жүкті әйелдер қиналады. Сондай-ақ ол дұрыс емес тамақтану, физикалық жүктеменің шамадан тыс болуы және кей созылмалы аурулардың себебінен пайда болуы мүмкін.

Қанайналымның бұзылуы

Қанайналым бұзылуының кең тараған белгісі – жүйелі түрде аяқ-қолдың ұйып қалуы. Сондай-ақ қанайналымның бұзылғанын аяқ-қолдың салқын болуы да көрсетеді. Қан айналымының бұзылуының негізгі себептеріне созылмалы аурулар жатады: қант диабеті, тромбоз, атеросклероз, семіздік. Сонымен қатар аз қозғалысты өмір салты мен созылмалы күйзеліс те жағымсыз өзгерістерге әкелуі мүмкін.

Дәрумендер жетіспеушілігі

Дәрумендер жетіспеушілігі барлық орган мен тінге әсер етеді. Ағзаға дәрумендер жетіспейтінін шаш, тырнақ және тері күйіне қарап анықтауға болады. Кей жағдайда ағзаға дәрумендер жетіспесе, ерін ағарып кетеді.

Ағзаға С дәрумені жетіспейтінін қалай білуге болады?

Күннің жағымсыз әсері

Көбінесе бұл проблема көктем-жаз мезгілінде пайда болады. Адам ұзақ уақыт бойы күн сәулесінің астында болса, оның ерні бозаруы мүмкін. Өзгерістер әсіресе төменгі ерінде байқалады. Бұл еріннің созылмалы қабынуы. Ықтимал проблемаларды болдырмау үшін кейбір қарапайым ережелерді сақтау керек. Күннен қорғайтын факторы бар гигиеналық ерін далабын қолданыңыз, сондай-ақ күннен қорғайтын бас киімдер киіңіз. Бірақ барлық қауіпсіздік ережелері сақталған жағдайда да, күн сәулесінің астында көп болмаған жөн.

Темекі тарту

Темекіге тәуелділік тек ішкі ағзаларға ғана емес, адамның сыртқы түріне де әсер етеді. Мысалы, никотиннің әсерінен тамырлар тарылады. Бұл олардың нағыз терінің толық тыныс алуына және тамақтануына жол бермейді. Уақыт өте келе оттек жетіспеуі терінің нашарлауына әкеледі. Соның салдарынан бетте ұсақ әжімдер пайда болады, ал ерін бозғылт болып көрінеді. Кейбір жағдайларда темекі шегушілердің ерні бозғылт болып көрініп қана қоймай, көкшіл реңкке боялуы мүмкін. Себебі темекі түтінінен бөлінетін токсиндер қан тамырларды тарылтады.

Гипогликемия

Бұл қандағы қанттың азаюы. Ол асқынған жағдайда ми мен ішкі ағзалардың дұрыс жұмыс істемеуіне әкеледі. Гипогликемия комаға түсуге де себеп болуы мүмкін. Синдромның белгілеріне шамадан тыс тершеңдік, жүрек айну, тері мен еріннің бозаруы, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы және концентрацияның бұзылуы жатады. Гипогликемияның пайда болуы көбінесе қант диабетінің дамуымен байланысты.

Жүрек аурулары

Жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысындағы проблемалар еріннің бозаруына әкелуі мүмкін. Себебі жүрек ауруының салдарынан қан ағымы бұзылады.

Жас өзгерістері

Белгілі бір жастан кейін адамның ерні жұқарады, құрғақ бола түседі және бозарып кетеді. Себебі жас ұлғая ағзада коллаген аз бөлінеді.

А. Жапатова