"Аппақсың ғой, анемия емессің бе?": Анемияны қалай анықтаймыз?

"Аппақсың ғой, анемия емессің бе?": Анемияны қалай анықтаймыз?
Фото: ru.freepik.com

Қалыпты жағдайда әйелдердің қанындағы гемоглабин деңгейі — 120-140 г/л, ал ерлерде — 130-160 г/л болуы керек. Егер бұл көрсеткіштер төмен болса, онда анемияның дамуы әбден мүмкін. Анемияны қалай анықтаймыз және оны қалай емдеу керек?

Анемия — адам қанында эритроциттер аз болатын жағдай. Қан анализінде ол төмен гемоглабин дегейінде көрінеді. Бұл зат эритроциттердің ішінде орналасқан және ол оттекті өкпеден ағзаның органдары мен тіндеріне тасымалдайды.

Анемияның бірнеше түрі болады:

Теміртапшылықты анемия
Оның бұл түрі темір жетіспеуішілігімен байланысты. Бұл микроэлемент ағзаға гемоглабин өндіру үшін қажет. Теміртапшылықты анемия — бұл аурудың ең кең тараған түрі және ол дұрыс емес диетадан бастап көп қан жоғалтуға дейінгі түрлі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін.

Созылмалы аурулар анемиясы
Мұндай анемия гипотиреоз, жұқпалар, аутоиммунды аурулар фонында дамиды. Сондай-ақ ол бүйректер патологиясымен, қатерлі ісіктермен бірге жүреді. Анемияның бұл түрі кезінде жиі эритроциттер өңделуін ынталандыратын препараттар береді.

Аплазиялық анемия
Анемияның бұл түрі қан жасушалары дамитын сүйек майы жасушаларының патологиясы себебінен пайда болады. Ол эритроциттер, лейкоциттер және тромбоциттер мөлшерінің азаюымен қатар жүреді. Аплазиялық анемия кей дәрілік құралдарды ішкенде дамуы мүмкін. Мысалы: тырысуға қарсы және қабынуға қарсы дәрілер. Сондай-ақ ол химиялық заттармен улану, жүктілік және вирустық аурулар кезінде де пайда болуы мүмкін.

Гемолиздік анемия
Гемолиздік анемия адамда қан жасушаларының өмір ұзақтығының азаюына әкелетін аурулар жиынтығы кезінде байқалады. Олар жылдам жойылады да, жаңалары түзіліп үлгермейді. Ал ол ағзада эритроциттер тапшылығына әкеледі. Анемияның бұл түрі дәрілер ішу, ағзаның улануы, қан құю кезіндегі қан тобының үйлесімсіздігі және Е дәрумені жетіспеуі кезінде қосымша әсер түрінде болуы мүмкін.

Орақ жасушалы анемия
Бұл гемоглабин ақуызының құрылысы бұзылатын тұқымқуалайтын ауру. Ол дөңгелектен орақ тәріздіге айналады. Оттек маңызды органдар мен тіндерге түспейді, себебі мұндай жасушалар жылдам бұзылады. Оған қоса, ол жиі дененің түрлі бөлігіндегі ошақты аурумен бірге жүреді.

Анемия қалай білінеді?

ШЖҚ “Отбасылық медицина орталығы” жалпы тәжірибелік дәрігер Сейтмағұлова Ақбота көп жағдайда анемия белгілері аса білінбейтінін айтады.

"Көптеген адам өзінде анемия екенін білмей жүре бере алады. Олар ол туралы тек қан анализіндегі ауытқуларды көргеннен кейін ғана түсінеді", - дейді дәрігер.

Бірақ осы ауруға тән белгілер бар. Әдетте, олар адам анемиямен ұзақ жүрсе немесе эритроциттер деңгейі қатты төмендеп кетсе, біліне бастайды. Оларға мыналар жатады:

- жиі бас айналу немесе құлап қалатын секілді сезімде болу;
- жиіленген немесе ырғақсыз жүрек соғысы;
- бас ауыруы немесе бас сақинасы;
- балалар мен жасөсіпірмдердің өсуіне қатысты проблемалар;
- қол-аяқтың үнемі салқын болуы;
- буындардың ауыруы;
- терінің бозаруы немесе терінің сарғыштануы.

Маманнан көпшіліктің анемияны аппақ терімен және бас айналумен байланыстыруы дұрыс па екенін сұрадық.

"Иә, анемия белгілерінің бірі — терінің бозарып кетуі. Алайда, бұл терісі аппақ адамдардың бәрі бірдей анемиямен қиналады деген сөз емес. Анемияны анықтаудың ең оңай тәсілі — қажетті анализдерді тапсыру", - дейді Ақбота Сейтмағұлова.

Анемия несімен қауіпті?

Қолдың үнемі салқын болуы, бас айналу және созылмалы шаршаңқылық секілді жайсыздықтардан бөлек анемия патологиялық жағдайлар мен аурулар қаупін арттырады. Анемия жүрек-қан тамырлар жүйесі проблемалары, мысалы, стенокардия немесе жүрек жеткіліксіздігін ушықтырып жібере алады. Сондай-ақ адамдарда жұқпалы және вирусты ауруларды жұқтырып алу қаупі жоғары болады.

Жүктілік кезінде анемия асқынулар қаупін арттырады: мерзімінен бұрын босану, түсік, туылған кездегі сәби салмағының өте аз болуы, жұқпалар, босану кезінде көп қан жоғалту.

Балалардағы анемия бойының өсуін және ұсақ моторикасының дамуын тежейді, сабақ оқу кезінде проблемалардың пайда болуына әкеледі.

Дәрігерді көпшіліктің анемияға аса мән бермейтіні алаңдатады.

"Мысалы, жүкті әйел қанында гемоглабин көрсеткіші төмен болса, оның дәрігері оны көтеру үшін арнайы препараттар жазып береді және тамақтануына өзгерістер енгізуін сұрайды. Мысалы, грек жаңғағы мен өрікті балмен араластырып жеу немесе қызылша салатын көбірек жеу. Бірақ барлық жүкті әйел бірдей бұл ұсыныстарды орындамайды. Себебі олар оның қаупін түсіне бермейді. Жоғарыда айтылған қауіптерден басқа жүктілік кезіндегі анемия балаға да әсерін береді. Мысалы, бала мектепке бара бастаған кезде тақпақ жаттай алмай қиналады немесе дамуында басқа да проблемалар пайда болады," - дейді Ақбота Сейтмағұлова.

Қалай анемияның алдын аламыз?

Анемияның кей түрлерін, мысалы, тұқымқуалаушылықпен байланысты түрлерінің алдын алу мүмкін емес. Ал теміртапшылықты анемияның алдын алуға болады. Ол үшін фолий қышқылы, В12 және С дәрумені, темірге бай диета сақтау маңызды.

Анемияны қалай емдейді?

Анемияны емдеу тікелей оның түріне және қатар жүретін ауруларға байланысты. Теміртапшылықты анемия кезінде, әдетте, диетаны түзетуді ұсынады және құрамында темірі бар препараттар береді. Аплазиялық анемияны емдеу кезінде қан құю, сүйек майын ауыстырып орналастыруды қосуы мүмкін. Орақ жасушалы анемия түрінде фолий қышқылы қосымшасы, антибиотиктер, ауырсынуды басатын препараттар және өндірілетін эритроциттердің дөңгелек пішінін сақтауға баытталған арнайы құралдар арқылы емдейді.

А. Жапатова