Дәрі ішуге жауапкершілікпен қарап, олар немен үйлесетінін немесе үйлеспейтінін білу маңызды. Мысалы, кей дәрілерді кофемен бір уақытта ішуге болмайды, себебі олар жағымсыз қосымша әсер беруі мүмкін.
Демікпені емдеуге арналған дәрілер
Демікпені емдеуге арналған дәрілер тыныс жолдарындағы спазмды түсіру үшін қажет. Мұндай дәрілердің мынадай қосымша әсерлері бар: бас ауыру, асқазан-ішек жолы проблемалары, мазасыздық, ашуланшақтық. Кофе немесе құрамында кофеині бар басқа да сусындарды ішу осы жағымсыз әсерлердің пайда болу қаупін арттырады.
Альцгеймер ауруын емдеуге арналған дәрілер
Кофеин гематоэнцефалдық тосқауылды қатайтады және миға түсетін дәрі-дәрмек мөлшерін азайтады.
Антидепрессанттар
Кофе ағзаның антидепрессанттарды қалай сіңіретініне әсер етуі мүмкін. Кей жағдайларда ол дәрі-дәрмектен қанға түсетін белсенді заттардың мөлшерін азайтып жібереді. Сондай-ақ кофеин антидепрессанттардың қосымша әсерін күшейтуі мүмкін. Мысалы, бас ауырады, жүрек соғысы жиіленеді, ұйқысыздық пайда болады. Сондықтан ем кезінде кофеден бас тартқан дұрыс.
Қан қысымын жоғарылататын дәрілер
Төмен қан қысымымен қиналатын адамдардың көпшілігі хал-жағдайын жақсарту үшін бір рет болсын кофе ішкен болар. Бірақ егер дәрі ішкен болсаңыз, кофе ішпеген жөн. Себебі олардың үйлесімі жүрек пен қан тамырларға күш түсіруі мүмкін және дәрі тиімділігін төмендетеді.
Ұйықтататын дәрілер
Кофе өздеріңіз білетіндей адамның өзін сергек сезінуіне көмектеседі. Сондықтан мұндай дәріні кофемен үйлестіруге болмайды.
Антибиотиктер
Кофе несеп айдағыш әсерге ие. Ол ағзадағы антибиотиктің белсенді компоненттерін шайып шығуы мүмкін. Бұл науқастың жағдайын нашарлатуы және қауіпті жұқпаның дамуына әкелуі мүмкін. Сондықтан антибиотик қабылдап жүрген кезде кофеден уақытша бас тартыңыз.
Асқазан-ішек жолы ауруларына арналған дәрілер
Кофеде органикалық қышқылдар бар: цитрусты, алма, лимон және т.б. Олар асқазан шырышты қабығын тітіркендіреді. Егер сау адам бұдан тек сәл жағымсыздық сезінсе, асқзан-ішек жолы ауруларымен қиналатын адам көптеген жағымсыз белгілерді өткереді.
Асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуге арналған дәрілер мен кофені үйлестіру дәрі-дәрмектің тиімділігін төмендетеді. Сондай-ақ сусын асқазан сөлі секрециясын арттырады, сондықтан кофені аш қарынға ішетін дәрілермен (мысалы, гастрит, асқазан жарасына арналған дәрілермен) бірге ішуге болмайды.