Тыныштандыратын дәрілер жайлы не білу керек?

Тыныштандыратын дәрілер жайлы не білу керек?
Фото: ru.freepik.com

Шөптер шайы, валерьянкасы бар тамшылар және глицин — дәріханаларда күйзеліспен және мазасыздықпен күресуге арналған құралдарға таңдау көп. Бірақ жарнамаланған өнімдердің барлығы бірдей қажет әсер бермейтінін ескеру керек. Қазір тыныштандыратын дәрілерге сұраныс көбейіп кетті. Мұны дәрігерлер қоғамдағы мазасыздық деңгейінің жоғары болуымен байланыстырады. Тыныштандыратын дәрілер алмас бұрын олар жайлы не білу керек?

Тыныштандыратын құралдардың қандай түрлері бар?

Тыныштандыратын құралдар шығу тегіне қарай екіге бөлінеді: өсімдік шикізаты негізіндегі (шүйгіншөп (валериана), жалбыз, сасықшөп (пустырник)) және синтетикалық заттар негізіндегі (бензодиазепиндер, барбитураттар және т.б). Алғашқылары, әдетте, рецептісіз дәріханаларда сатылады, ал екінші түрін дәрігердің жазып беруімен ғана ішу керек. Себебі олар қауіпті қосымша әсерлер беруі мүмкін.

Рецептісіз препараттарды жиі жеңіл белгілер кезінде немесе басқа дәрілерге қосымша ретінде береді. Ал рецептімен берілетін түрлерін курспен қабылдау керек болады және оларды ауыр бұзылыстар кезінде жазып береді.

Олар қалай әсер етеді?

Қандай да бір зат тыныштандырушы әсер беруі үшін ол орталық жүйке жүйесіне әсер етуі керек, яғни қозуды төмендетуі тиіс. Ол үшін жасушаларда күрделі тежегіш механизмдер бар, ал дәрілік препараттардың міндеті — мүмкіндігінше басқа процестерге әсерін бермей, оларды белсендендіру. Олардың көпшілігі ГАМҚ (гамма-аминмайлы қышқылдар) жұмысымен байланысты.

ГАМҚ — жасушалардың көршілерден қоздырғыш белгілерді алу қабілетін төмендететін дәнекер-молекула. ГАМҚ бөлінген кезде жүрек жиырылуының жиілігі мен тамыр соғысы баяулайды, адам әлсіз және баяу бола түсуі мүмкін. ГАМҚ созылмалы жетіспеуі кезінде, мысалы, ұстамалы ауру пайда болуы мүмкін. Емдеу үшін адамға осы қышқыл негізіндегі препараттар жазып береді.

Тыныштандырушы ретінде жиі жасанды синтезделген ГАМҚ молекулаларын немесе жасушалық рецепторлармен өзара әсерлесетін заттар қолданады. Бірақ бұл жерде бірнеше қиындық бар. Біріншіден, бөгде ГАМҚ гематоэнцефалдық тосқауылдан (қан тамырлар мен жүйке тіні арасындағы шекара) нашар өтеді. Екіншіден, препараттардың қосымша әсерлері бар болуы мүмкін: мысалы, ұйқышылдық және дәріге үйреніп кету.

Шөптер негізіндегі құралдар тыныштандырады ма?

Шөптер жиынтықтарында және дәрілік сығындыларда жиі ондаған шөптер қолданылады.Әдетте, олардың құрамына шүйгіншөп (валериана), пассифлора, сасықшөп (пустырник), шайқурай (зверобой), түймедақ кіреді. Мұндай препараттардың артықшылығы — олар жиі қосымша әсер бермейді. Ал басты проблемасы — олардың тиімділігін көрсететін дәлелдердің болмауы.

Ғалымдардың ойынша, егер адам мұндай құралдың әсер ететініне сенсе, оның жағдайы шынымен де жақсарады. Ол заттың әсері бар болуы мүмкін. Бірақ қандай диагноз кезінде қанша және қанша уақыт ішу керегін анықтау қиын. Себебі біреуді бір кесе шөптер шайы ұйықтатып тастаса, басқасы одан ештеңе сезбейді.

Ал валерьянка тыныштандырушы әсерге ие ма?

Шүйгіншөп (валериана) адамдар арасында бұрыннан тыныштандырушы құрал ретінде таныс. Ол көптеген шөптерден жасалған дәрілер құрамына кіреді. Оны бұрын көптеген ауруларды емдеуде қолданған. Осы күнге дейін оның қалай әсер ететіні жайлы біржақты түсінік жоқ. Ғалымдар шүйгіншөп сығындысының ГАМҚ-рецепторларға әсер ететінін дәлелдей алған. Бірақ нақты әсермен байланысын таба алмаған.

Жалпы шүйгіншөп қауіпсіз, бірақ оны кей синтетикалық тыныштандырушылармен, шайқураймен және кава-кава өсімдігімен бірге ішу ұсынылмайды.

Шүйгіншөпті ұйықтататын құрал ретінде де пайдаланады. Бірақ ғалымдар оның бұл мақсатта әсері әлсіз екенін байқаған.

Әлде синтетикалық препараттарды қолданған дұрыс па?

Бензодиазепиндер мен барбитураттардың әсер ету принципі ГАМҚ рецепторларымен байланысты. Бірақ мұнда да бір проблема бар: препараттағы таза зат шоғыры өсімдіктегіден өте көп. Сол үшін де препараттар жылдам әсер етеді, бірақ оған ағза үйреніп алады. Оны мөлшерден артық ішіп қою қаупі де бар.

Бензодиазепиндер мен барбитураттар негізіндегі дәрілер күшті әсер беретіндерге жатады, сондықтан оларды тек дәрігер жазып бере алады. Мұндай құралдарды ұзақ ішіп, бірден тоқтатып тастауға да болмайды. Сондай-ақ оны алкогольмен және кей дәрі түрлерімен бірге үйлестіруге болмайды. Сондықтан да мұндай дәрілерді ішу кезінде науқас міндетті түрде дәрігер бақылауында болуы керек. Ол дәрі мөлшерін бақылап отырады.

Дәрілерге қандай «балама» бар?

Табиғи «дәрілердің» бірі — физикалық белсенділік. Жаттығулар жасау және тіпті, серуендеу күйзеліс деңгейін азайтады, ұйқыны реттейді және көңіл күйді жақсартады. Жеңіл жүктемелер (жүгіру, велосипед тебу, аэробика) мазасыздық белгілерімен күресуге көмектесетінін дәлелдеген зерттеулер көп. Сондай-ақ жүру немесе жүгіруді медитациямен үйлестіру депрессия белгілерін азайтады.

Бірақ өте көп жаттығу, керісінше, көңіл күйді түсіріп, жалпы хал-жағдайды нашарлатуы мүмкін. Бұл артық жүктеме күйзеліс гормоны — кортизолдың өңделуін арттырып жіберумен байланысты.

Сондай-ақ бұл мақсатта бұлшықеттерді босаңсытатын жаттығулар, үй жануарларымен ойнау, ароматерапия жақсы көмектесе алады.

А. Жапатова