- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Монша, сауна ерлерге...
Монша, сауна ерлерге зиян ба? Отандық уролог жауабы
Ыстық ванна, монша мен сауна ерлердің денсаулығына кері әсер етуі мүмкін бе? Жалпы ыстық температураның ер ұрығына зиян екені жиі айтылады. Осы сияқты маңызды сұрақтарға уролог-андролог Тұрар Құрманбеков жауап берді.
Оның айтуынша, ыстық су немесе ыстық моншадағы температура ер ұрығына зиян. Балалы болуды жоспарлап жүрген ерлерге ыстық суға түсуге кеңес берілмейді.
"Жігіттер монша-саунаға құмар келеді. Отбасын құрайын деп жүрген немесе үйленіп балалы болуды жоспарлап жүрген ерлерге моншаға жиі баруға кеңес берілмейді. Себебі ұрық ер жұмыртқасында өндіріледі. Оның температурасы дене температурасынан 1-1,5 градус төмен болады. Ал сіз моншаға барған кезде 50-60 градус ыстықтың үстінде отырасыз. Ондай жоғары температураны ер жұмыртқасы сүймейді, себебі ыстықтан сперматозоидтар өліп қалады немесе сапасы төмендейді", - дейді уролог.
уролог-андролог Тұрар Құрманбеков
Бұған дейін ер адамдарға автокөліктердегі жылытылатын орындықтардың зиян екенін жазған болатынбыз. Қазақстандық уролог та көліктегі ыстық орындықтың ер ұрығына кері әсер ететінін айтады.
"Тек монша-сауна емес, жігіттер көліктегі ыстық орындықтардан да абай болғаны дұрыс. Әрине, бәріміз ыстық жерде отырғанды қалаймыз, бірақ оның да өз мөлшері бар. Орындықты тым ысытып отыра беруге болмайды", - дейді ол.
Сондықтан ұзақ сапарларда бұл функцияны өшіру керек - сапарды бастамас бұрын көліктегі орындықты жылытқан дұрыс.
Айта кетейік, қазақстандық уролог Тұрар Құрманбеков ерлерде инфекция бар екенін қалай білуге болатынын айтқан болатын.
Т. Раушанұлы