Ғылым және жоғары білім министрлігі бір ай ішінде екі бірдей бірінші курс студенті қаза болған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру жүргізеді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Министрлік мәліметінше, университетке арнайы мониторинг тобы жіберіледі. Мамандар оқу орнында қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп, студенттермен жүргізілетін тәрбие және психологиялық жұмыстарға баға береді.
«Жанжалды анықтау мен алдын алудың қолданыстағы тетіктеріне, студенттердің өтініштеріне дер кезінде ден қоюға және оларға психологиялық көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылады», – делінген министрлік хабарламасында.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құрды.
Оның құрамына:
Жұмыс тобы Алматыдағы студенттік жатақханаларды аралап, білім алушылармен кездеседі. Сонымен бірге жастар арасындағы жанжалдардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Тексеру қорытындысы бойынша студенттердің қауіпсіздігін күшейту, қақтығыстардың алдын алу және психологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар әзірленеді.
16 қарашада ҚазҰУ-дың бірінші курс студентінің қаза болғаны белгілі болды. Алматы полициясы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.
Қайғылы оқиғадан кейін университет басшылығы әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатты. Оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді.
Бұған дейін, 6 қарашада ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза болған еді. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның өзге мән-жайы жарияланған жоқ.