Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Алматы полициясы күдіктінің ұсталғанын хабарлады, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді
«Күдікті ұсталды. Тергеудің толыққанды, жан-жақты әрі объективті жүргізілуі қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде», – деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.
Полиция студенттің қандай жағдайда қайтыс болғанын, сондай-ақ іс қай бап бойынша тергеліп жатқанын әзірге нақтыламады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қайтыс болған жастың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті болғаны айтылды. Университет оның туған-туысқандарына көңіл айтты.
Университет өкілдері құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын және марқұмның отбасына материалдық әрі моральдық қолдау көрсетілетінін айтты.
"Ауыр қайғыға ортақтаса отырып, марқұмның отбасы мен жақындарының сезіміне құрметпен қарауды, сондай-ақ ресми расталмаған ақпарат пен жалған мәліметтерді таратпауды сұраймыз", – деп атап өтті жоғары оқу орны.
Айта кетейік, бұған дейін аталған оқу орнында журналистика факультетінің студенті де қаза болған еді. Бұл жоғарғы оқу орнындағы бір ай ішіндегі екінші қайғылы оқиға.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz