Денсаулық сақтау министрлігі Жетісу облысы Ақсу ауданының жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің туыстары мен жақындарына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Фельдшер Демеубаев Мұхит Қожахметұлы және жүргізуші Есболатов Ермек Сауытқалиұлы Матай ауылындағы балаға шақыртудан базаға оралып келе жатып, трассада өліммен аяқталған жол апатына ұшырады. Бұл қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасылары үшін және денсаулық сақтаудың барлық саласы үшін үлкен қайғылы жағдай. Мұндай жағдайлар дәрігерлердің жанқиярлығын білдіреді, олар өз өмірлерін қатерге тігіп, басқаларды құтқарады", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында жедел жәрдем көлігі жүк көлігіне соқтығысып, қақ айырылғанын жазған едік.
Жол-көлік оқиғасына жедел жәрдем көлігінің 57 жастағы жүргізушісі кінәлі екені анықталды, ол рөлге ие алмай, жол бойында тұрған жүк көлігіне соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі мен 54 жастағы жергілікті фельдшер оқиға орнында көз жұмды. Бұл дерек бойынша қажетті сараптамаларды тағайындаумен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!