- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр Мусин Түркиядағы...
Министр Мусин Түркиядағы зілзалада қаза тапқан досы туралы айтып берді
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде үйінділерден табылған қазақстандық Мирболат Құрмашев цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен жақсы таныс болған. Бұл туралы министрдің өзі Instagram парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бағдат Мусиннің сөзінше, ол Мирболат Құрмашевпен курстас болған.
"Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді. Мағжан (әріптесі - еск.) Астана Хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда Мирболат көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты. Қазақстанда оның бірнеше бизнес бастамалары болған, 2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ, Мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шет елде жүзеге асырамын, деді ол. Мирус (достары Мирболатты осылай атайды - еск.) - жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты", - деп жазды министр Instagram-парақшасында.
Мусиннің сөзінше, Мирболат Құрмашев Президенттің Анкара сапары кезіндегі шараны ұйымдастырушылардың қатарында болған.
"Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Ыстамбұлдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Астана Хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді. Студенттік кезден де біраз жақсы естеліктер бар, жақын араласқан жолдастары оларды айтып жатар деп ойлаймын. Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын, бауырым", - дейді министр.
Сонымен қатар, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева Түркиядағы алапат жер сілкінісі салдарынан қапияда қаза болған жерлестеріміз - Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың туғандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
"Кешеге дейін бүкіл ел болып үміт отын өшірмеген едік… Тірі табылса деп тілеген едік… Амал не… Цифрлық технологияның қыр-сырын еркін игерген Мирусты талайдан танитын едім. Соңғы рет онымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тұрғанда қызмет барысында кездескенбіз. Мирус өте еңбекқор, ізденімпаз жас болатын. Қысқа ғана ғұмырында талай стартап-жобаларды (Digital Kazakhstan) жарыққа шығарды, IT саласында оның есімі танымал, үлкен құрметке ие болды. Осындай жігері - жалын, білімі - терең, еліне бергенінен берері мол өрім жастардың мезгілсіз өмірден озатыны өте өкінішті.. Марқұмдардың иманы саламат болсын! Бауырлас түрік халқына сабыр тілеймін", - деп жазды Балаева Facebook-парақшасында.
Еске салайық, бүгін таңда сағат 03:49-да Түркиядағы жер сілкінісінен кейін жоғалып кеткен қазақстандық Мирболат Құрмашев өлі табылды. Сонымен қатар, жоғалып кеткен Әділ Қадырбеков те өлі табылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина