Министр Қарабаев: елімізде пойыз билетінің орташа құны - 8 мың теңге

Министр Қарабаев: елімізде пойыз билетінің орташа құны - 8 мың теңге
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда билет бағасының орташа құны - 8 мың теңге. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір теміржолда жолаушыларды тасымалдайтын 66 облысаралық маршрут жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттарда 13 тасымалдаушы қызмет көрсетеді (ҚТЖ және 12 жеке). Облыстар бөлінуіне байланысты биыл қала маңындағы бағдардан 2 жаңа облысаралық бағыт құрылды: Алматы - Қонаев, Қарағанды - Жезқазған", - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Оның айутынша, жолаушыларды тасымалдау республикалық бюджеттен субсидияланады.

"Бұл шаралар халықтың барлық тобы үшін жол жүру құжаттарының қолжетімді бағасын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда пойыз билеті бағасының орташа құны - 8 мың теңге", - деді министр.

Бүгінде елімізде 2 567 жолаушылар вагоны бар.

"Тасымалдауға сұраныс жоғары кездерде шамамен 300 вагон тапшылығы байқалады. Осыған байланысты және халықты тасымалдауға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа заманауи жолаушылар вагондарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 162 жаңа вагон сатып алынды. Оның ішінде 76 вагон пайдалануға берілді, 24 вагон жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 62 вагон жеткізіледі", - деді Марат Қарабаев.

Жолаушылар вагоны негізінен Петропавл қаласындағы вагон шығару зауыты өндіреді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан темір жолы пойыздағы төсек орындар қанша уақыт пайдаланылатынына жауап берген еді. 

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz