Пойыздағы төсек орындар қанша уақыт пайдаланылады? Қазақстан темір жолы маңызды сұрақтарға жауап берді

Пойыздағы төсек орындар қанша уақыт пайдаланылады? Қазақстан темір жолы маңызды сұрақтарға жауап берді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында "Қазақстан темір жолын" көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын тез арада аяқтауды тапсырды. Әлі күнге Қазақстанда пойыздардың ескі болуы, вагондардың рельстен шығып кете беруі секілді түрлі мәселелер өзекті болып отыр.

Осыған орай Massaget.kz тілшісі компанияға ресми сауал жолдап, маңызды сұрақтардың жауабын анықтады.

Кейінгі үш жылда қанша жаңа вагон сатып алынды?

Компания мәліметінше, жолаушылар вагоны қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін істен шыққан жағдайда жаңартылады.

"2021-2023 жылдар аралығында 163 вагон сатып алынды, бұл жалпы вагондар паркінің 8 пайызы болады", - делінген ресми жауапта.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Пойыздағы төсек жабдықтарының пайдалану мерзімі қанша ай?

"Қазақстан темір жолы" компаниясының ресми жауабында төсек жабдықтарын пайдалану мерзімі 48 ай екені айтылады.

"2019 жылы барлық жолаушылар пойызында жұмсақ жабдықтар, соның ішінде 315 858 төсек-орын жабдықтары жаңартылды", - делінген ведомство мәліметінде.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Компания мәліметінше, жыл сайын төсек-орын жаңартылып отырады:

  • 2020 жылы 19 500 төсек-орын жиынтығы;
  • 2021 жылы 102 008 төсек-орын жиынтығы;
  • 2022 жылы 107 400 төсек-орын жиынтығы;
  • 2023 жылы 69 000 төсек-орын жиынтығы.

Сондай-ақ, санитария талаптарына сай төсек жабдықтары өңделетіні, пойыз межелі жерге келгенде, төсек-орын, көрпелер, майлықтар, перделер мен және т.б. жуылатыны, көрпелер, матрацтар, жастықтар, матрацқа арналған тыстар, кілем бұйымдары және т.б. күн сайын, әр тоқсан сайын қажеттілігіне қарай химиялық тазалау, дезинфекциялық өңдеу, термиялық немесе термохимиялық өңдеуден өткізілетіні айтылды.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Пойыздар рельстен неге шығып кете береді?

Компания өкілдері пойыздардың рельстен шығып кете беруіне қандай факторлар әсер ететінін айтты.

Оtyrar.kz

"Жылжымалы құрамның рельстерден шығуына әкелетін негізгі себептер - вагон паркінің және инфрақұрылымның тозуы, сондай-ақ, сервистік кәсіпорындардың вагондарды сапасыз жөндеуі. Кейбір жағдайларда адам факторына жол беріледі, яғни жұмысшылардың жұмыс технологиясын бұзуы", - делінген жауапта.

© elements.envato.com

Айта кетейік, биыл мұндай жағдай бірнеше рет тіркелді. Мысалы, 11 мамырда Түркістан облысында Игілік - Бадам теміржолында 18 вагон рельстен шығып кетті.

Қанша пойызға желдеткіш жетіспейді?

Пойыздарда желдеткіш болмауы немесе жұмыс істемеуі - қазақстандықтар арасында жаз сайын көтерілетін мәселе. Компания өкілдері кейбір вагондарда желдеткіш неге жоқ екенін түсіндірді.

"Вагон паркінің 78 пайызы ауа баптағыштармен жабдықталған. "Жолаушылар тасымалы" АҚ паркінен (2,1 мың бірліктен аса) вагондардың 76 пайызы, яғни 1 591 вагон ауаны баптау жүйесімен жабдықталған. Вагондар паркінің 24 пайызы, яғни 515 вагонда ауа баптағыш дайындаушы зауыттың конструкциясы бойынша жасалмаған. Мұндай вагондарда терезе ашу мүмкіндігі бар", - делінген жауапта.

Сондай-ақ, компания өкілдері ауа баптау жүйесі жоқ вагондар алдағы жылдары мерзіміне сәйкес алып тасталатынын мәлімдеді.

"Барлық заманауи вагон ауа баптағыштармен жабдықталған. 2022 жылы "Жолаушылар тасымалы" АҚ мен Stadler арасында 2025 жылдан 2030 жылға дейін ауа баптағышпен, бейнебақылау жүйелерімен, экологиялық таза дәретхана кешендерімен, электр розеткаларымен және кіріктірілген USB-мен жабдықталған 537-ден аса жоғары технологиялық вагондарды жеткізу туралы ұзақ мерзімді шарт жасалды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, компания мәліметінше, жолаушыларды тасымалдау қызметін "Жолаушылар тасымалы" АҚ-дан басқа 14 жеке тасымалдаушы көрсетеді.

@arararamja #ктж #ктжвтренде @КАЗАКСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ? #оскемен #жара #казахстан #жанаказахстан?? ♬ Poshla zhara - GAYAZOV$ BROTHER$ & Filatov & Karas

Пойыздар қалай жылытылады?

Қазақстанда жолаушылар пойызы 105 бағыт бойынша жүреді. Жазда осы пойыздардағы желдеткіш мәселесі көтерілсе, қыста олардың суық екені айтылады.

Мәселен, биыл Алматы-Қостанай бағытындағы пойыздың жолаушылары вагондағы суыққа шағымданған еді. Тіпті әлеуметтік желіде көрпелер мен матрацтар жабылған терезелердің суреттері жарияланды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Наша Газета|Новости| Костанай (@ng.kz_)

Компания пойыздар қалай жылытылатынына жауап берді.

"Стандартты вагондардан 70 бағыт, тальго шығарған вагондардан 19 бағыттан бөлек, Қытай Халық Республикасы шығарған вагондардан 3 бағыт және электр-дизель пойыздары вагондарынан 13 бағыт аралас жылытылады (аралас жылыту: электрлендірілген учаскелерде электр қуатымен және электрлендірілмеген учаскелерде қатты отынмен)", - делінген жауапта.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жол мәселесін көтеріп, "Қазақстан темір жолын" толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру қажет екенін мәлімдеген болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова