Министр Бейсембаев қазақстандық 10 оқушының Қырымдағы лагерьге жіберілуіне қатысты пікір білдірді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық 10 оқушы Қырымдағы лагерьге жіберілуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігі маңызды екенін атап өтті. 

"Балалардың қауіпсіздігі министрлік бақылауында. Бұл мәселемен Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті айналысты", - дейді министр ОКҚ брифингінде. 

Ал Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың сөзінше, балалардың Қырымға баруы туралы шешімді білім беру ұйымдарына, басқармаларға тіпті комитетке хабарламай, өздігінен жіберген. 

"Комитет күн сайын ол балалармен байланыста. Олар 28 мамырда елге оралады деп жоспарланып отыр. Оларды тағатсыздана күтеміз. Бүгінде олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Көңіл күйлері, эмоционалдық жағдайы жақсы. Себебі балалардың қасында ата-анасы бар. (...) Біз өз баламызды жіберер ме едік? Әрине, жоқ. Себебі ол аймақтағы жағдай ауыр", - дейді комитет төрағасы Насымжан Оспанова ОКҚ брифингінде. 

Еске салайық, 7 мамырда қазақстандық 10 оқушы Қырымдағы лагерьге жіберілгені хабарланған болатын. Бұл туралы ақпарат Астанадағы Орыс үйінің Instagram-парақшасында пайда болды. Онда жарыста жеңімпаз атанған 10 оқушы аннексияланған Қырымға 24 күнге жіберілетіні жазылған. 

Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің айтуынша, Уoungreaders.ru сайтында проза оқырмандарына арналған "Жанды классика" халықаралық байқауы орналастырылған. Өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша 10 қазақстандық оқушы Қырымдағы "Артек" халықаралық балалар орталығына жолдама алған. Балалардың ата-аналары мектеп басшыларының келісімінсіз, сайтқа өтінім беріп, байқауға қатысуға өз бетінше ниет білдіргенін айтты. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың жауапкершілігі туралы қолхат алынған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!