“Мектеп бітіру кешіне миллион теңгеге дейін жұмсау - үлкен мәселе“. Асхат Аймағамбетов дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов түлектер кешіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.

Депутат не дейді?

Оның сөзінше, бір кеш үшін 200, 500 мың, тіпті миллион теңгеге дейін жұмсау - үлкен мәселе. Өйткені бір сыныпта әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасының балалары оқиды. Кейбір ата-аналар қалтасы көтермесе де, көпшіліктен қалмау үшін амалсыз келісуге мәжбүр.

Мәжілісмен "ең қауіптісі жасөспірімдердің психологиялық күйі" екенін айтты. Депутаттың пікірінше, бұл жаста олар қоғам пікірін өте ауыр қабылдайды.

"Ақылға қонымды тәсілді қолдаймын. Бірақ бір кеш үшін миллион теңге, 500 мың теңге жинап, артық шығын жасау дұрыс емес. Өйткені бір сыныпта әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасының балалары оқиды. Олар амалсыздан соған бейімделуге мәжбүр болады. Тіпті жуырда осындай мәселе туралы хат келді. Кейбірі осындай қысым салдарынан суицид туралы ойлайтынын да айтқан", - деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Министрліктің ескертуі

Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға, ұстаздарға, оқушыларға ескерту жасады. Оқу-ағарту министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханада, дәмханада, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.

"Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлық пен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестат пен дипломды салтанатты табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады", - деп жазылған министрліктің бұған дейінгі хабарламасында.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!