Еліміздің мектептерінде 2025-2026 оқу жылы аяқталуға жақын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қанша оқушы оқу жылын аяқтайды?
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, биыл оқу жылын 3,9 миллионнан аса оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы - 11-сынып түлектері.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан асады. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы - үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан аса педагог еңбек етеді.
Соңғы қоңырау қашан соғылады?
Оқу жылы аяқталуына орай 25 мамырда барлық мектепте "Білімім – Отаныма!" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістігі мен жарқын сәттері еске алынады.
Ата-аналарға ескерту
Оқу-ағарту министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханада, дәмханада, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.
"Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлық пен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестат пен дипломды салтанатты табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова