Мазасыздықты арттыратын сіз ойламаған 10 нәрсе

Мазасыздықты арттыратын сіз ойламаған 10 нәрсе
Фото: ru.freepik.com

Жұмысқа кешігіп жатсаңыз немесе қандай да бір қиындықты жеңуге тырысып жүрсеңіз, күйгелектеніп, мазасызданатыныңыз белгілі. Бірақ кейде тыныш жерде босаңсуға тырыссаңыз да, мазасыздық пайда болуы мүмкін. Оған әдеттеріңіз бен айналаңыздағы заттар кінәлі болуы мүмкін.

Кофені көп ішу

Кофені көп ішу мазасыздық тудыруы мүмкін. Кофеиннің көп мөлшері ағзаны кортизол және адреналин гормондарын бөлуге мәжбүрлейді.

Күні бойы жаңалықтар оқу

Жаңалықтар, әсіресе оларды күні бойы оқу күйзеліс деңгейін арттырып жібереді. Егер сіз оқитын ақпараттың көп бөлігі жағымсыз, қорқынышты немесе қайғылы болса, сізде жағымсыз сезімдер пайда болып, мазасыздыққа айналады. Алайда бұл мүлдем жаңалық оқымау керек деген сөз емес, жаңалықтарды күніне бір-ақ рет тексеріңіз. Мысалы, түскі ас уақытында жаңалықтарды бір оқып шығып, басқа уақытта оларды қарамауға тырысыңыз.

Суды аз ішу

Жеткілікті мөлшерде су ішпеудің сіз ойламаған салдарлары болуы мүмкін. Мысалы, көңіл күйіңіз түседі немесе бәрі жақсы болса да, өзіңізді мазасыз сезінесіз. Сондықтан күнде ағзадағы су тепе-теңдігін сақтау маңызды. Шай, шырындардан бөлек таза суды жеткілікті мөлшерде ішу керегін ұмытпаңыз.

Қандағы қант деңгейінің төмен болуы

Қарныңыз ашқан кезде ашушаң болып кететініңізді байқаған боларсыз. Бұл жағымсыз сезім қандағы қант деңгейі түсіп кеткен кезде пайда болады. Әдетте сол үшін де мазасызданасыз.

Дұрыс тамақтанбау

Рационға қажетті қоректік заттар, әсіресе, В тобының дәрумендері жетпеген кезде көңіл күй қиналады. Сол үшін де себепсіз мазасызданасыз. Жиі жеткілікті түрде ет, көкөністер, жемістер, жаңғақтар және жұмыртқа жемейтін адамдар осындай проблемаға шалдығады.

Күні бойы смартфон қарау

Әлеуметтік желілерде қызықты контент бар, алайда онда күні бойы отырсаңыз, мазасыздық пайда болады. Әлеуметтік желідегі жаңалықтарды жаңартып қарай беру күйзеліс тудырады және өзіңізді айналадағылармен салыстыра беру әдеті қалыптасады. Бұл кезде пайда болатын жағымсыз ойлар мазасыздық деңгейін арттырады.

Интерьер

Жарықтың нашар болуы, визуалды шудың көп болуы, үйдің шашылып жатуы және үйдегі кей әшекей заттар мазасыздықтың туындауына себеп болуы мүмкін. Мысалы, сіз тұратын үйдегі интерьер сізге ұнамаса, мазасыздық артуы мүмкін.

Мойныңызға көп міндет алу

Өз мойныңызға міндет пен жауапкершілікті көп алсаңыз, бұл сіздің мазасыз болып жүруіңізге себеп болады. Әсіресе, жоспарлап қойған нәрселеріңізді орындап үлгермейтініңізді түсінген кезде өзіңізді нашар сезінуіңіз мүмкін. Сондықтан шамаңызға қарай жоспар құрған дұрыс.

Үйден шықпау

Таза ауада серуендеу – күйзеліспен және мазасыздықпен күресудің қарапайым әрі тиімді жолы. Керісінше, үйде отыра беру жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.

Ұйқының қанбауы

Күзеліс пен мазасыздық ұйқы проблемасының пайда болуына ықпал етеді. Ұйқының жетіспеуі де күйзеліс пен мазасыздықты тудырады. Егер ұйқыны жақсартудың түрлі әдісін көрсеңіз де, бұл прблемадан арыла алмасаңыз, маман көмегіне жүгініңіз.

Оқи отырыңыз: Дәрумендер мен минералдар: магний жайлы не білу керек?

А. Жапатова