Экс министр Қуандық Бишімбаевтың баланы қағып өлтіргені рас па? Бұл сұраққа марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Тимур Балымбетовке берген сұхбатында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айтбек Амангелдінің сөзінше, Бишімбаевтың баланы қағып өлтіргені туралы ақпаратты оған жеке басын құпия сақтауды жөн көрген әйел егжей-тегжейлі айтып берген.
"Біз 8-9 қарашада болған оқиғадан кейін біреу бірнәрсе көрсе немесе білсе, бізге айтса деп қоғамнан көмек сұраған болатынбыз. Хабарласқан адамдарды куәлік беруі үшін полицияға жібердік. Бізге бұрынғы оқиғаларды айтқан адамдар да өте көп болды. Олардың арасында бір әйел болды. Ол фейк парақшадан кездесу орнын белгіледі. Қараша еді. Біз кездестік. Мен оның сипаттамасын толық бердім. Кездесуге ол көзілдірік киіп, шарф тағып келді, біз көшеде, жарығы жоқ, қараңғы жерде кездестік. Менің ойымша, ол жеке басын құпия сақтағысы келді. Ол маған өте көп ақпарат берді, алғашында мен оның айтқандарына мән бермедім, рас-өтірігіне күдіктендім. Бірақ кейінірек ол айтқандарын жылжымайтын мүлікті сату және тағы басқа қатысты кейбір ашық дереккөздердің мәліметтері арқылы растады.
Ол бүкіл оқиғаны егжей-тегжейлі айтып берді. Айтқандарын мәліметтермен, сілтемелермен, аты-жөнмен, туған күні бойынша мұрағаттық істер бойынша тексеруге болатындай дәлелдеп отырды. Ол маған сол кезде жауапкершілікті өз мойнына алған екінші адамның атын, оның туған күнін және оның 3 ай бойы уақытша ұстау изоляторында отырғанын айтты. Әрі қарай, тараптардың татуласуы бойынша іс жабылған. Құжат бойынша бұл жазатайым оқиға ретінде тіркелген.
Бишімбаев мас күйінде көлік жүргізіп, жас баланы жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кеткен. Ал кінәні өз мойнына басқа адам алған. Содан бастап кінәні мойнына алған адамның әкесінің мансабы көтерілген. Оқиға біраз уақыт бұрын болған. Мен бұл туралы ешқашан көпшілік алдында айтқан емеспін. Әрине, біз бұл тақырыпты үйде талқыладық және эмоцияға берілген кезде ақпарат тарап кетті. Содан кейін мені осы мәселе бойынша куәлік беруге шақырды, мен барлық ақпаратты бердім. Шынымды айтсам, мен бұдан кейін не болғанын білмеймін. Мен маман емеспін, бірақ Бишімбаев "Бәйтерек" ҰБХ-ның директоры бола тұрып, кінәні өз жауапкершілігіне алған адамның және оның інісінің пайдасына пәтер жазып бергені анықталды", - деді Айтбек Амангелді.
Айта кетейік, әйелін аса қатыгездікпен ұрып өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы кезінде марқұм Салтанат Нүкенованың анасы қылмыскердің бұған дейін де жас баланы қағып өлтіргені туралы айтқан болатын. Ішкі істер министрлігі бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қолұстатар деген қандай кәде?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз