Талғарда әкесі қайтыс болғанын естіген ер адамдар дәрігерлерді аяусыз ұрып тастаған. 21 жастағы анестезиолог соққыдан жансақтау бөліміне түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Жақынынан айырылғандар жансақтау бөлімінің есігін бұзып, дәрігерлерді ұрып, мәйітті артқы есік арқылы алып шығып кеткен. Ал соққы алған дәрігерлердің бірі қазір осы жансақтау бөлімінде жатыр. Зардап шеккен дәрігердің әпкесі інісінің жағдайы туралы айтты.
"Медициналық төсек арбамен сүйреп келе жатқанын ғана көрдік. Мұрны сынған, үсті-басы түгел қан. Ал таңғы сағат 08:00-де жұмысқа келген жігіттің ешқандай кәнісі жоқ еді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр", - деді зардап шеккен дәрігердің әпкесі Лаура Айтжанова.
Дәрігерлердің айтуынша, жедел жәрдем жеткізген 64 жастағы ер адам аруханаға жүрек талмасымен түскен. Содан жансақтау бөлімінде жүрегі тоқтап қалған.
"Біздің қызметкерлерді ұрып, ойына келгенін істеп, әкесінің мәйітін алып кетті. Бірақ заң жүзінде анықтама берілуі керек. Трансмуральды инфаркт, ол ЭКГ нәтижесінде де көрінді. Олардың басты талабы - мәйітті тез беру", - деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалымжан Есенәлиев.
Отбасы 64 жастағы әкесін жер қойнына тапсырды. Олар "сап-сау жүрген азаматқа дұрыс көмек берілгенде, мүмкін тірі жүрер ме еді" дейді.
"Бетіне күліп қарап, "өліп қалды, болды" депті. Мен туған баласымын. Ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Бірақ алғашқы көмек көрсетілмеген, себебі "дәрігер жоқ" деді. Менің бірінші балам да осы ауруханада шетінеп кеткен", - деді баласы Ақжол Бақытұлы.
Марқұмның інісі де жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Олар уақытында мәйітті бермегеннен кейін, қызулықпен қол көтерген. Біріншіден, сол дәрігерден кешірім сұраймын, қандай жағдай болса да, мемлекеттік қызметкер ретінде дәрігерге ешкім қол көтермеуі керек еді. Ол - қарапайым жұмысшы, мәселе жоғарғы жаққа тіреледі", - деді марқұмның інісі Мұрат Шорманов.
Ал бұл іске қатысы бар деген күдікке ілінген екі ер адам әкесін жер қойнына тапсыра сала, полиция ұстаған. Қазір олар уақытша тергеу изоляторына қамалған. Полиция мәліметінше, бұл дерек бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін мүлкі тәркіленіп немесе 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іске қатысты тергеу басталды.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда әкесі қайтыс болғанын естіген ер адамдар дәрігерлерді аяусыз ұрып тастағаны хабарланған еді. Кейін Алматы облысының полиция қызметкерлері Талғар ауруханасында дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдіктіні ұстады.
Тағы да оқи отырыңыздар: Мектепте тегін тамақ кімге беріледі?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!