Марқұм оралған кілем, ұялы телефондар, банк карталары: Сәрсемәлиевке қатысты сотта заттай дәлелдер көрсетілді

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жұбайының туыстарын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемәлиевке қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Кезекті сот отырысында қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдер көрсетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу нұсқасы бойынша ол құрбандарына 60-қа жуық пышақ жарақатын салған. Мейрамгүл Қарабалинаға 32, Наурыз Мұқанғалиевке 10, Мақсот Қарабалинге 9, Нәсіп Өтешқалиеваға 8 соққы тиген.

Сотта айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Мейрамгүл Қарабалинаны, жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін мәлімдеді. Алайда Наурыз Мұқанғалиевті өлтіруді жоспарламағанын айтты.

Сотта Мейрамгүл оралған кілем көрсетілді

17 маусымда сот қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдерді зерттеді. Сот залына қаза тапқандардың жеке заттары, соның ішінде ұялы телефондар, планшет, банк карталары, құжаттар, басқа да заттар әкелінді.

Видеодан кадр

Сондай-ақ, процесс қатысушыларына қаза тапқандардың киімдері, тергеу нұсқасы бойынша Мейрамгүл Қарабалинаны жерлер алдында ораған кілем көрсетілді.

Десе де қылмыс жасау кезінде пайдаланылды делінген екі пышақ әлі күнге дейін табылмаған.

Судья Зарема Хамидуллина басқа да заттай дәлелдердің тізімін оқыды. Олардың арасында:

  • отбасы мүшелерінің атына рәсімделген Kaspi Bank және Halyk Bank карталары;
  • Ыстамбұл метросының картасы;
  • номиналы 50 және 100 лира болатын Түрік Республикасының банкноттары;
  • Samsung A22 ұялы телефонының қорабы бар.

Видеодан кадр

Дәлелдерді зерттеу барысында Сарсемәлиев бір SIM картаны ауыстырып сала отырып, үш ұялы телефонды пайдаланғанын айтты.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Сот отырысы

2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!